Көршінің ірі әуежайларында 3 мыңдай авиарейс доғарылды немесе кейінге шегерілді. Осы мезетте РФ Көлік министрі отставкаға кетті.
РФ-тағы көлік коллапсы 5 шілдеде, украиналық әскери дрондардың жаппай шабуылына байланысты басталды. Жаңа аптаның басында дүрбелең әрі қарай жалғасып, 3 мыңдай ұшақтың жолдан қалуына соқтырды.
Дәл осы кезде, 7 шілде күні РФ басшысы Путин Көлік министрі, Курск облысының бұрынғы губернаторы, 2005 жылдан бері өз командасында болған 53 жасар Роман Старовойтты кенеттен министр қызметінен алып тастады. Ізінше, бірер сағат өткенде, Старовойт Одинцовода өлі күйінде табылды. Негізгі нұсқа – "өзін-өзі өлтірді".
Кейбір ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Курск облысындағы қорғаныс бекіністерін салу кезінде бюджет қаржысын ұрлау жөніндегі қылмыстық іс аясында экс-министрге қарсы айғақтар әшкереленген-мыс.
Қалай болғанда, көршідегі көлік саласының ахуалы да әрі қарай нашарлауда.
Росавиация мәліметінше, тек бір күнде ғана РФ-та жарты мыңнан астам ұшақ әуеге көтеріле алмаған. Сарапшылар олардың саны бұдан 6 есе көп деген пікірде. Ресейдің ірі қалаларына шетелден ұшып келген 88 рейс запастық аэродромдарға бағытталды.
Ең ірі дүрмек мәскеулік Шереметьево, петерборлық Пулково және нижегородтық Чкалов халықаралық әуежайларында тіркелді. Росавиацияның сендіруінше, қазіргі кезде жағдай біршама түзелді, әуежайлар қалыпты, "штаттық" жұмысына орала бастады.
Туроператорлар қауымдастығының дерегінше, бір ғана Пулковода 658 (!) рейс, соның ішінде 107 халықаралық ұшырылым кейінге қалдырылды, ондағанынан – мүлдем бас тартылған. Бұл – жүз мыңға дейінгі жолаушы деген сөз.
Әуежайлар әкімшіліктері кезегі ары ысырылған рейстерді сапаластырып, ретке келтіргенше, біраз уақыт қажет болатынын құлағдар етті. Апта соңына дейін созылуы мүмкін. Бұл туралы РБК жариялады.
Ұшақтар кестелерінің жаппай бұзылуы өзге де мегаполистерде, соның ішінде атышулы Екатеринбургта, Челябіде тіркеліп жатыр.
"Коммерсантъ" сарапшылары Ресейдегі көлік коллапсынан тек бір күнде 20 миллиард рубль жалпы залал келді деп бағалады. Бұл – тек авиакомпаниялар шеккен шығын ғана. Ресейлік әуежайларға келген зиян әзірге есептеуге көнбейді.
Өйткені РФ құзырлы органдары өткен демалыс күндерінен бері елдің көптеген ірі әуежайларының "үстін" жауып, қайта-қайта "Кілем" операциясын жариялауда. Бұл операция барысында әуе кеңістігі тазартылып, кез келген ұшақтың биікке көтерілуіне тыйым салынады. Оған бағынбай ұшқаны болса, атып түсірілуі мүмкін.
Мәселен, петерборлық Пулковоның баспасөз қызметінің басшысы Александра Саблинаның дерегінше, 4-інен 6 шілде аралығында ғана бұл әуежайда әуе көліктерін қабылдап, шығаруға тыйым 5-тен көп рет, қайта-қайта енгізілді. Кешегі "Кілем" жоспары 8 сағаттан артыққа созылған. Соның кесірінен, әуежай барлық есігін тарс жауып, ішке өзге жолаушыларды кіргізбеуге шешім қабылдауға мәжбүрленіпті. Әйтпесе, ондаған мың жолаушы бір мезгілде терминалдарға сыймас еді.
"Фонтанка" порталының мәліметінше, әртүрлі "әуе қақпаларында" мыңдаған адам "бұғатталып" қалып, жерде ұйықтауға мәжбүр болды. Оларға авиакомпаниялар ешқандай тамақ, су жеткізбеген.
Әуежайлардағы дәмхана-мейрамхана-асханаларда "жау шапқандай" жағдай орнағаны бейнеленген видеолар әлеужеліні кезіп кетті: олардағы сөрелер босап қалған, ас пен су атаулы таусылса да, иін тірескен, ығы-жығы жұрт азық-түліктің жеткізілімін күтіп, босатпаған. Содан мүлік-жиһазы, ыдыс-аяғы қираған, едені қоқысқа толған.
Туроператорлар қауымдастығы осындай жағдайда рейсі тым көпке кешіктірілген жолаушыларды әуежайлардан әкетіп, таяу орналасқан қонақүйлерге орналастырмаған әуе тасымалдаушыларын айыптады.
Соның кесірінен ресейліктерге және РФ-қа қыдырған шетелдік жолаушыларға бірнеше күн (мәлімдемеде солай айтылған) бойы әуежайлардың күту аймақтарында түнеуге тура келуде.
Оларды аяған кейбір әуежай, мысалы, Петербордағы Пулково қызметкерлері ұйықтауы үшін картон қатырма, жаңасына ауыстыру үшін еденнен сыпырылып алынған ескі кілемшелерді, үстелдерді таратыпты. Адамдар олардың бәріне жетпегеніне шағымданды.
Тағы бір тосын дерек: барлық дерлік ресейлік халықаралық әуежайларға шылым шегушілерге арналған "бокстарды" тегіс жабуға тура келген, себебі, онда темекі тартушылардың тым көптігі сонша, бір жағынан шетсіз-шексіз кезек туындаған. Екінші жағынан, сорғылар тез істен шығып, істе қалғанының ауаны тазартуға қабілет-қуаты жетпей, ғимараттар іші көк түтінге бөленіпті.
Ресейдің ірі қалаларын жайлаған "топалаң" губернаторларды халыққа қайрылып, шұғыл үндеу жасауға итермеледі. Олар азаматтардан қалыптасқан жағдайға және қабылданып жатқан қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырды.
Мысалы, Петербор губернаторы Александр Беглов Санкт-Петербург пен Ленинград облысы аумағында интернетті де тоқтатуға тура келіп жатқанын жеткізді. Қалабасының үндеуі радио арқылы таратылды.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко өз үндеуінде өңірдегі Гатчинский, Тосненский, Киришский, Лужской сияқты аудандардың үстінде украиналық пилотсыз ұшатын аппараттар қаптап жүргенін, шетінен сұлатылып жатқанын мәлімдей келе, оларды басқаруды әлсірету үшін облыста интернеттің жылдамдығы 4G-ден 2G-ге дейін құлатылғанын мойындады. Мұндай жылдамдықпен тіпті жай хабарлама жіберу де мұңға айналады.
Ресейлік ақпарат құралдары ұшудағы "дағдарыс" тағы бір күйзеліс туындатқанына назар аудартты. Әртүрлі әуежайда рейсіне тіркеліп, багажын тапсырып қойған жолаушылар чемодандарын жаппай жоғалтуда.
Әуежайлар багаждарға қатысты проблемаға тап болғаны туралы ресми ескертпе таратты. Онда тіпті ұшып кеткен жолаушылардың жүгі "шетелдегі және елдегі нысаналы әуежайларға жеткізілмеуі мүмкін екенін" ескертті. Мұның себебі ретінде әуежайлардағы жүйелерге шектен тыс жоғары жүктеменің түсуі аталды.
MSK1.ru куәгерлердің бейнежазбаларын жариялап, мәскеулік, петерборлық және басқа әуежайларда "қаңғыған" шабадандардың қаптағаны жөнінде хабардар етті.
"Мысалы, мәскеулік Шереметьево жолаушылары әуежайдың дәліздері "лағып" қалған чемодандарға толып кеткенін көрсетті. Олардың кейбірінің иесі кетер жағына ұшып кетті, алайда жүгі қалып қойды. Чемодандардың көптігі сонша, олар әуежайдың сақтау, тексеру, жеткізу аймақтарына сыймай, дәліздерге итеріле салынған. Бірінің үстіне бірі тасталған, тығыздалған багаждардың бір бөлігі, заттаңбасына қарағанда, кем дегенде үш күннен бері жеткізуін күтіп жатыр", – деп түсініктеме берді видео авторларының бірі Виктория.
MSK1.ru биркалардағы дерекке сілтеме жасап, бірнеше күн бұрын Мәскеуден ұшып кеткен жолаушылардың жүздеген (!) чемоданы РФ астанасында сол бойы қалып қойғанын қаперге салды. Тиісті видео Шереметьевода түсірілген.
Әбден есі шыққан әуе қақпаларының әкімшіліктері бұрын-соңды болмаған жаңа "дәстүр" шығарды. Fontanka.ru енді әуежайлардың "түнге жабыла бастағанын" хабарлады.
Салдарынан, Ресейдің ірі қалаларына дер кезінде ұшып кете алмаған ресейліктер мысалы, Түркияның бірнеше әуежайында "қордаланып" қалғаны анықталды. Ұқсас жағдай өзге елдерде де байқалады. Мәселен, өз еліне ұшып кете алмаған ресейліктерді елордалық әуежайдан да көруге болады.
Әлеужеліде түріктің Анталиясында демалып, еліне оралмақ болған жолаушылар арасынан Мария есімдісі шағымданып, бейнеүндеу жолдады. Оған отбасымен бірге Петерборга жету арман болыпты.
"Рейс Пулковоның жабық болуына байланысты бірнеше рет кейінге қалдырылды. Питер аспанын ашқанда, 7 шілдеде, Түркия (авиакомпания) бізге бос ұшақ тауып, ұсына алмады. Содан бері 10 сағат өтті. Суымыз таусылуға таяды. Құрғақ бутербродтармен күнелтудеміз. Түрік әуежайының қызметкерлері бізден әбден шаршады, ығыр болды", – деп жыларман болды Мария.