Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт 10 жыл бойы аңсаған ұлы Әлімнің өмірге қалай келгені туралы әсерлі естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Баламның туған күні маған осыдан 15 жыл бұрынғы ауыр, бірақ бақытты күндерді еске салады. Мен оны 10 жыл күттім. Сол жылдары дәрігерге де, балшы-балгерлерге де бардым. Ақыры құрсағыма бала біткенде, дәрігерлер іштегі 5 айлық сәбидің бір өкпесіне су толып кеткенін, аман қалуы екіталай екенін айтты. 8 айлығына жеткенде тағы да тексеріске бардым. Дәрігер “сәл күтейік, өкпесі толық дамуы керек, бірақ балаға есім таңдадыңыз ба?” деп сұрады.
Мен таңғалдым. “Жоқ, әлі таңдаған жоқпыз” дедім. Ол кісі “бала жерге өз есімімен түскені жақсы ғой” деді. Үйге келіп, жолдасыма осыны айттым. Біз есім іздей бастадық. Ұлтаралық некеден туатын бала болған соң Алан, Тайыр, Мансұр, Тимур сияқты есімдерді қарастырдық. Бірақ мен ‘Әлім’ деп қойсақ қалай болады дедім. Володя бірден келісті. “Біздің қарашайларда екінің бірі Әлім. Оның үстіне сенің де руың Әлім. Ал баламыз дәрігерлердің, ғылымның көмегімен өмірге келеді. Араб тілінде ‘ғылым’ деген ‘ілім’ — ‘Әлім’ емес пе? Болды, есімі осы болсын!” деді.
Кейін ойласам, дәрігердің “есім қойдың ба?” дегені бекер емес екен. Бәлкім, “егер көрер жарығы болса, періште өз есімімен түссін” дегені шығар...
Босанар сәтте күйеуім Володя баласын видеоға түсіріп алмақ болып, мойнына камера асынып алған еді. Бірақ сол сәтте не камераны қосуға, не қолына ұстауға шамасы келмеді. Дәрігерлер нәрестені бірден реанимацияға алып кетті. Ал мені наркоз беріп басқа блокқа апарды.
8 айлық сәбиді дәрігерлер бір ай бойы баптап, 9 айға жеткізіп, шекесі торсықтай етіп қолыма ұстатты. Сол үшін сол мамандарға өмір бойы ризамын. Бас иемін!» — деп жазды тележүргізуші әлеуметтік желідегі парақшасында.