Бұл ақпаратты Алматы қаласының туризм басқармасы таратты.

4 шілдеден бастап Алматы мен Шанхай арасында тікелей әуе рейсі ашылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

China Eastern Airlines әуе компаниясы іске қосатын бұл бағыт Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік, мәдени және іскерлік байланыстарды нығайтудың маңызды қадамы болмақ.

Алғашқы рейспен Алматыға аталған әуе компаниясының өкілдері, қытайлық бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал блогерлер келеді. Бұл сапардың мақсаты – Алматыны Қытай нарығында кеңінен таныту. Осыған орай, Алматының туризм басқармасы "Алматының символы сыйлыққа" атты акция ұйымдастырып, алғашқы жолаушыларды естелік кәдесыйлармен қарсы алуды жоспарлап отыр.

Жаңа рейс 2025 жылдың ақпанында Алматы әкімдігі мен China Eastern Airlines басшылығы арасында жасалған келісімдердің нәтижесінде жүзеге асты. Айта кетерлігі, бұл – аталған компанияның Орталық Азияға жасаған алғашқы тұрақты рейсі.

Алматы – Шанхай бағытының ашылуы қытайлық туристер мен кәсіпкерлер үшін Қазақстанның ең ірі қаласына жолды әлдеқайда қолжетімді етпек. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Алматыға Қытай Халық Республикасынан келген туристер саны 20,9 мың адамнан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,9%-ға артқан.

Қазіргі таңда Алматыдан Бейжің, Гуанчжоу, Сиань, Үрімжі, Ханчжоу және Санья қалаларына тікелей әуе қатынасы бар. Енді бұл тізімге Шанхай да қосылып отыр. Жаңа бағыт екі ел арасындағы рейстер жиілігін арттырып, айына 150-ден астам әуе қатынасын қамтамасыз етеді.