Жоба кезең-кезеңімен еліміздегі барлық мектептерде іске қосылады.
Үкімет отырысында Қазақстанның су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы Дмитрий Баландин Қазақстанда мектеп бағдарламасына жүзу сабақтарын енгізу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Дмитрий Баландин жүзу бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын нығайтудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, жүзуді үйрету – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуда да маңызды рөл атқарады.
"Федерация жүзуді бұқаралық спортты дамыту, халықтың денсаулығын нығайту және судағы қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсаттарын біріктіретін стратегиялық маңызды бағыт ретінде қарастырады", — деді Баландин.
Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйене отырып, 2024 жылы әлем бойынша 236 мыңнан астам адамның суға батып қаза тапқанын, оның ішінде 82 мыңы 1–14 жас аралығындағы балалар екенін атап өтті.
"Бұл көрсеткіштер халықты жүзудің қарапайым дағдылары мен суда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелеріне үйретудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді", — деді федерацияның бас хатшысы.
Дмитрий Баландиннің айтуынша, Білім министрлігімен бірлесіп жүзу сабақтарын дене шынықтыру пәні аясында мектеп бағдарламасына енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Баландиннің айтуынша, бұл бастама халықаралық тәжірибеге негізделген.
"Аталған бастама АҚШ, Аустралия және Венгрия сияқты елдердің үлгісімен жүзеге асырылады. Бұл мемлекеттерде балаларды мектеп жүйесінде жүзуге үйрету көп жылдан бері сәтті енгізіліп келеді", — деп қоса кетті Баландин.
Жоба пилоттық форматта 2026 жылы Алматы мен Астана қалаларында іске қосылып, кейін бүкіл ел бойынша кезең-кезеңімен енгізілмек.