Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Елімізде әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған бірнеше танымал әртістер мен блогерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Комитеттің дерегінше, 2025 жылдың басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша (лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея өткізуі) 89 адам жауапқа тартылған.
Миллиондаған жазылушысы бар инфлюенсерлерге 1,1 миллион теңгеге дейін айыппұл салынған.
- Әртіс Рамазан Амантай (@Ramantay, 788 мың жазылушы) – 100 АЕК немесе 393 200 теңге айыппұл.
- Әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқан (@Moldir.mt, 2,3 млн жазылушы) – 150 АЕК немесе 589 800 теңге айыппұл.
- Әнші-блогер Мереке Қалбаева (@merekusha.k, 1,3 млн жазылушы) – 150 АЕК немесе 589 800 теңге айыппұл.
Сондай-ақ танымал блогерлер жұбы Нұрбек Нұртаза (@justking31, 7,4 млн жазылушы) мен Әмина Нұртаза (@aminaxo26, 6,5 млн жазылушы) да әкімшілік жазаға тартылған. Нұрбекке – 300 АЕК (1 179 600 теңге), ал Әминаға – 210 АЕК (825 720 теңге) айыппұл салынған.
Комитет мәліметінше, 19 қыркүйекте олар Алматы қаласында екі қабатты үйдің ұтыс ойынын жариялап, қатысушылардан 29 990 теңге көлемінде "оқыту курсына" төлем қабылдаған. Бұл әрекет заңсыз лотерея ретінде бағаланған.
Сонымен қатар, ұтыс ойындарын өткізгені үшін ыдыс-аяқ, перде және тұрмыстық тауарлар сататын кейбір коммерциялық парақшалар да әкімшілік жауапқа тартылған.
Тиісті органдардың айтуынша, заңсыз ұтыс ойындары әлеуметтік желілерді тұрақты мониторингтеу және азаматтардың шағымдары арқылы анықталады. Кей жағдайларда құқық бұзушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Комитет өкілдері атап өткендей, егер азамат әкімшілік қаулымен келіссе, айыппұлды өз еркімен төлейді, ал келіспеген жағдайда іс сотқа жіберіледі.
ӘҚБтК-нің 445-1-бабына сәйкес, заңсыз лотерея өткізгені үшін жеке тұлғаларға – 100 АЕК, жеке кәсіпкерлерге – 300 АЕК айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері тиісінше 200 және 750 АЕК-ке дейін өсіп, табыс тәркіленеді.