ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаменті "Үміт Самғау " қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Схема қалай жүзеге асқан?
Компания жалғызбасты аналарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмектесетін қайырымдылық жоба ретінде жасырынған. Азаматтарға салған қаражатынан 300%-дан 800%-ға дейін табыс әкелетіні уәде етіліп, әртүрлі "салым түрлері" ұсынылған.
Жоба шарттары бойынша салым көлемі неғұрлым жоғары болса, табыс та соғұрлым көп болатыны айтылған. Қатысушыларға төлем нақты кәсіпкерлік есебінен емес, жаңа салымшылардың қаражаты есебінен жасалған.
Ұйымдастырушылар туралы
Қылмыстық схемаға ұйымдастырушының туыстары мен таныстары "дроппер" ретінде тартылған, олардың атына тіркелген банк карталары мен шоттарына салымшылардың ақшасы түсіп отырған.
"Салдарынан қаржы пирамидасына 400-ден аса азамат тартылып, жиналған қаражаттың жалпы көлемі 100 млн теңгеден асқан. Сот санкциясымен күдіктінің пәтері мен көлігіне тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр", — деп жазылған ҚМА хабарламасында.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз