Қарашаның соңына дейін еліміздегі үш футбол клубы жекешелендіріледі. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
4 қарашада премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолдау мәселелері қаралды.
Жиында баяндама жасаған Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория 2025 жылғы қарашаның соңына дейін тағы үш клуб жекеменшікке өтетінін мәлімдеген.
Олар – "Шахтер", "Жеңіс" және "Қызыл-Жар СК" футбол клубтары. Бұл жұмыстарға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 45 млрдтан астам теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, "Елімай" футбол клубы коммерциялық емес акционерлік қоғам түріне ауыстырылған.
Бұл шешім "Реал Мадрид", "Барселона" және "Байер 04" сияқты еуропалық клубтардың үлгісімен жүзеге асырылған. Жаңа үлгі аясында 100 миллион акция шығарылып, клубтың басқару ашықтығы мен қаржылық тұрақтылығы артады деп күтіліп отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз