Шығыс Қазақстан облысында ірі жол апаты болып, бес адам қаза тапты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Полицияның мәліметінше, жол апаты 4 қараша күні Өскемен – Риддер тасжолында болған. ЗИЛ жүк көлігі мен Toyota Estima автокөлігі соқтығысқан.

“Оқиға салдарынан 5 адам жан тапсырып, 1 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қаза тапқандардың жеке басы мен оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда”, – делінген полиция хабарламасында.

Полиция күз мезгілінде облыс жолдарында жиі тұман, көктайғақ және көріну қашықтығының шектелуі секілді қолайсыз ауа райы жағдайлары байқалатынын атап өтіп, жүргізушілерге ескерту жасады.

"Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, рұқсат етілген жылдамдықты асырмауға, ауа райы жағдайларын және техникалық қауіпсіздік талаптарын ескеруге шақырады”, – делінген хабарламада.