Цифрлық трансформацияның нәтижелері еліміздегі миллиондаған адамның өмірінде айқын сезіліп жатыр.

Әрбір жоба мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыруға, сондай-ақ оларды пайдалануды жеңілдетуге бағытталған. Цифрландыру деңгейінің артуы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету секілді салаларға айтарлықтай ықпалын тигізуде. Қазір көптеген мемлекеттік қызметтерді онлайн алып, кезекке тұру деген дүниені ұмытқалы қашан. Өз кезегінде бұл бюрократиялық кедергілерді жоюға ықпал етеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Цифрландыру – бұл заманауи цифрлық технологияларды өмірдің түрлі салаларына және өндіріске енгізу. Инновациялық технологиялар Қазақстан экономикасының барлық салаларында біртіндеп қолданылып келеді. Елдегі ІТ-қызметтер мен өнімдер нарығы қарқынды өсім көрсетіп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы халыққа арнаған Жолдауында еліміз үшін маңызды стратегиялық мақсаттың бірі – толыққанды ІТ-мемлекетке айналу екенін атап өтті. Бұл мақсатқа жету үшін кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақстан электронды үкімет пен финтехті дамыту бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Бұл – цифрлық технологияларды тиімді енгізудің нақты көрсеткіші. 2023 жылдың өзінде-ақ еліміздің IT саласындағы экспорты бес есе ұлғайды. Еліміз алдағы уақытта көрсеткішті еселей түсуге ниетті. Мақсат – 1 миллиард долларлық меже. Қазақстан 2026 жылға қарай осындай ІТ қызметтерін экспорттау көлемін осындай деңгейге жеткізгісі келеді. Бұл көрсеткішке жету үшін халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, шетелдің алпауыт IT-компанияларымен бірлескен кәсіпорындар құру қажет екені белгілі. Бұл қадам отандық нарықтың дамуына ғана емес, жаһандық технологиялармен интеграциялануына да жол ашады. Мұндай нәтижеге қол жеткізу оңай емес, алайда оны іске асыруға болады. Бұған, әсіресе, технопарктер айтарлықтай ықпал етеді. Олар – қажетті инфрақұрылымы бар орталықтар. Мысалы, Astana Hub – еліміздің басты мемлекеттік технопаркі. Соңғы бес жылдан астам уақыт ішінде ол Қазақстандағы ІТ-бизнесті дамыту үшін түбегейлі жаңа мүмкіндіктер жасап келеді.

Бұдан басқа Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуды басым бағыттың бірі деп атады. ЖИ-ді дамытқан мемлекеттер осы технологияны экономикалық өсімнің жаңа көзіне айналдырып жатқаны сөзсіз. Қазақстан да бұл бағыттан шет қалмауы тиіс. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін толық пайдалану білім экономикасына жаңа серпін беріп, жаңа өндірістер мен стартаптардың дамуына жол ашады.

Соңғы жылдары ІТ-нарық тұрақты өсім көрсетуде. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік қолдауға және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға байланысты. Үкімет цифрлық трансформацияны, жаңа ІТ-өнімдердің өндірісін және ІТ-инфрақұрылымның дамуын жан-жақты қолдап отыр.

Тағы бір маңызды фактор – технопарктердің, акселераторлардың және инновациялық хабтардың құрылуы. Мұндай орталықтарға дарынды жастар тартылып, өз идеяларын жүзеге асыруға, стартап жобаларын дамытуға мүмкіндік алады. ІТ-өнімдер мен қызметтерді экспорттау – бұл саланың қаншалықты дамығанын көрсететін маңызды бағыт. Экономиканы цифрландыру уақыт талабы деуге болады. Бүгінгі таңда банктердің өзі ІТ-компанияға айналып жатыр. Өзінің ІТ-өнімін өндіру немесе жүйелерді интеграциялау – мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты. Еліміздегі ірі банктер шығарған қосымшалардың қызметі таңғалдырмай қоймайды, өйткені онда көрсетілетін қызмет түрі сан алуан. Еліміздегі қаржы ұйымдарының басым бөлігі бұрын тек бөлімшелерде көрсетілетін көптеген қызмет түрлерін онлайн форматқа көшірді. Бұл азаматтармен өзара әрекеттесудің жаңа деңгейін көрсетіп отыр.

Қазіргі ІТ-индустрияның басты ерекшелігі – бірегей ақпараттық өнімдер жасауға бағыт алғанында. ІТ – бұл тек экономикалық емес, әлеуметтік, медициналық және басқа да көптеген мәселелерді шешуге көмектесетін ерекше сала. Бүгінгі таңда елімізде маңызды ІТ-жобалар тек тәжірибелі мамандармен ғана емес, күні кеше университет бітірген түлектердің қолымен де жасалып жатыр.

БҰҰ-ның бағалауы бойынша еліміз цифрландыру саласында тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қазақстан 193 елдің ішінде 24-орынға тұрақтап, онлайн-мемлекеттік қызметтерді дамыту индексі бойынша үздік ондықтың қатарынан табылды. Мемлекеттік қызметтердің интернет арқылы қолжетімділік деңгейі бүгінде 92%-ға жетті. Бұдан басқа биометриялық сәйкестендіру және QR-қолтаңба жүйелері енгізіліп, электрондық қызметтерді пайдалану әлдеқайда ыңғайлы болды. Мысалы, былтыр 8 миллионнан астам электронды құжатқа QR арқылы қол қойылған. Digital ID арқылы 18 миллионнан астам сәйкестендіру жүргізіліпті.

Қазір "Электрондық үкімет" жүйесі де жаңартылып, үшінші буын нұсқасына өтуде. Жаңа eGov жасанды интеллект көмегімен жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетуді одан әрі ыңғайлы етпек. Осы тұста айта кетерлігі, республикамыз өз тәжірибесімен шет мемлекеттермен де бөлісе бастады. Мысалы, Тәжікстан, Того және Сьерра-Леонемен бірлескен цифрлық жобалар қолға алынды. Цифрлық қызметтер тек азаматтарға ғана емес, кәсіпкерлерге де қолжетімді. Мемлекет бизнеске арналған барлық қызметтерді, атап айтқанда, компанияны тіркеуден бастап, жабуға дейін онлайн түрде жасап жатыр.

IT саласын дамытуда өңірлік хабтардың да рөлі зор. Қазір Қазақстанда 18 аймақтық IT орталық жұмыс істейді. Бұл хабтар жергілікті жастар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, стартаптардың дамуына мүмкіндік береді. Салада "Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі" атты онлайн платформа іске қосылды. Ол арқылы IT мамандар, ғалымдар мемлекет ұсынатын барлық қолдауға бір терезеден қол жеткізе алады. Жыл сайын бұл платформаны пайдаланатындар саны артып келеді.

Шетелдік мамандарды тарту үшін Астана халықаралық қаржы орталығы Expat Center орталығы ашылған. Бұл орталық шетелдіктерге мемлекеттік қызметтерді бір жерден алу мүмкіндігін береді.

Сондай-ақ, отандық стартаптардың шетел нарығына шығуына көмектесетін арнайы бағдарламалар да жұмыс істейді. Оларға шетелдік сарапшылар мен инвесторлар тартылып, жобаларға қолдау көрсетіледі.

Қазақстанның халықаралық байланысы да кеңейіп келеді. Бүгінде АҚШ, Сауд Арабиясы және Сингапур елдерінде үш шетелдік IT хаб жұмыс істейді. Бұл орталықтар қазақстандық жобаларға жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Жалпы, цифрландыру – бұл тек технология емес, ол Қазақстан экономикасының өсуі мен халықаралық деңгейге шығудың жолы. Мемлекеттік қолдау, шетелдік серіктестік және отандық өнімдер арқылы еліміздің IT саласы қарқынды дамып келеді. Қазақстан келешекте толыққанды цифрлық державаға айналу бағытында нақты қадамдар жасап келеді.

Жасанды интеллект және Қазақстан

Қазақстан – Орталық Азиядағы технологиялық инновациялар үшін әлеуеті үлкен нарық. Елімізде AlemAI атты жаңа заманауи технологиялар орталығы құрылған болатын. Бұл хабтың басты мақсаты – әлемдегі озық тәжірибелерді үйреніп, инновациялық шешімдерді республикада қолдану. Мұнда жасанды интеллектке (ЖИ) негізделген жобалар пайдаланылып отыр.

Мемлекет басшысы атап өткендей, AlemAI хабы білім беру мен кадр даярлау бағытында да маңызды рөл атқарады. Мұнда мектептерге, жоғары оқу орындарына және кәсіби білім орталықтарына арналған арнайы оқу бағдарламалары жасалады. Сонымен қатар, зерттеушілер, стартап иелері мен түрлі компаниялар үшін кеңселер, бірлесіп жұмыс істейтін алаңдар ашылады. Бұл тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды дамытуға үлкен мүмкіндік береді.

Бұдан басқа елдегі AI-Sana атты жаңа білім беру бағдарламасы әртүрлі сала мамандарына ЖИ бойынша жан-жақты білім беріп, нақты жобалармен жұмыс істеуге көмектеседі. Яғни, жасанды интеллектті меңгергісі келетін мамандарға үлкен қолдау болмақ. Жаллпы алғанда, Қазақстан әлемдік жасанды интеллект қауымдастығының белсенді мүшесі болуға ниетті.

Сарапшылар жасанды интеллектке негізделген отандық өнімдердің әлеуеті өте жоғары деп отыр. Оған себеп те жоқ емес. Елде креативті жастар көп, саладағы өнімдердің сапасы да артып келеді. Қазірдің өзінде дауыс пен мәтінді танитын, бейнені өңдейтін, тұтынушыға жеке қызмет ұсынатын жүйелер пайда болып жатыр. Сала мамандары бұл бағытта тұрақты қолдау, нарыққа шығу жолдарын жеңілдету қажет екенін баса айтады. Егер жұмыс жүйелі жүргізілетін болса, елдегі ЖИ өнімдері халықаралық деңгейге еркін шыға алады. ЖИ қолданғанда ең алдымен деректердің қауіпсіздігі маңызды. Яғни, жеке мәліметтердің таралып кетпеуі де басты мәселенің бірі. Екіншіден, ЖИ-дің кейде адам жасаған қателікті қайталау қаупі де жоқ емес. Оның әсіресе медицина, қаржы немесе мемлекеттік басқару сияқты салаларда қаупі жоғары. Сондықтан да болар ЖИ жүйелерін мұқият тексеріп, адамға көмектесетін қосымша құрал ретінде қарастырған жөн. Толық автоматтандыруға көшу жан-жақты талдауды қажет етеді, дейді мамандар.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жасанды интеллект технологияларын шектен тыс және бақылаусыз пайдалану интеллектуалдық деградацияға әкелуі мүмкін екенін баса айтты. Оның айтуынша, адам өзі ойланып, шығармашылықпен айналыспай, дайын контентке ғана сүйенетін болса, бұл адамның табиғи қабілеттерін дамытудың орнына, керісінше шектеп жібереді. Ол кейбір мемлекеттік шенділердің ChatGPT сияқты жасанды интеллект құралдарын пайдалануын мысал ретінде келтірді. Мұндай платформалар арқылы тапсырмаларды тез әрі оңай орындауға болады, алайда бұл жалқаулыққа итермелеуі әбден мүмкін, дейді ол.

Сонымен қатар депутат ЖИ арқылы жіберілген ақпараттардың қауіпсіздігіне де алаңдаушылық білдірді. Ол ChatGPT секілді платформаларға енгізілген деректердің кімнің қолына түсіп, қалай пайдаланылатыны белгісіз екенін атап өтті. Анас Баққожаев жасанды интеллект технологияларын пайдалану кезінде шектеулер мен қатаң бақылау қажет екенін ескертіп, бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайтынын жеткізген болатын.

Осы жылдың соңына дейін еліміздегі барлық мемлекеттік мекемелерде жасанды интеллектке негізделген шамамен 50 түрлі шешім, яғни цифрлық көмекшілер әзірленбек. Бұл құралдар мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді деп күтілуде.

Цифрлық трансформация

Сарапшылардың айтуынша, компаниялардың, кәсіпорындардың жұмысына цифрлық технологияларды енгізер алдында бірнеше маңызды факторларды ескерген жөн.

Біріншісі – тың өзгерістерге дайын болу. Әр құрылымның бағыты мен мақсаты болуы тиіс. Келесі фактор – қолға алынған жобалардың табыстылығын бағалайтын нақты көрсеткіштерді алдын ала жіпке тізу. Кейбір ұйымдар бұл көрсеткішке мән бермей, елеусіз қалдырып жатады. Десек те, бұл цифрлық трансформацияны мақсат еткен құрылымның табысы мен шығыны қандай деген сауалдарға жауап табуға көмектеседі.

Үшіншіден, қызметкерлердің дамуына, жаңа процестерге қатысуына айрықша назар аудару. Өзгерістердің сәтті жүзеге асуы үшін әр қызметкер компанияның құндылықтарын түсінуі керек. Осы тұста оқыту бағдарламаларын енгізіп, өзгерістерге қатысуға ынталандыратын орта қалыптастырған аса маңызды.

Білікті мамандарға сұраныс бар

Қазір бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректерді талдау, цифровизация сияқты бағыттар бойынша мамандарға сұраныс артып келеді. Бұл салалар алдағы уақытта еңбек нарығының басты бағытына айналуы да мүмкін. Қазірдің өзінде осы салаларда жұмыс істейтін мамандар аса қажет екені байқалып отыр.

Жасанды интеллект пен деректерді талдау болашақта басты бағыттардың бірі болмақ. Себебі компанияларда өз жұмыстарын тиімді ету үшін деректермен жұмыс істей алатын және машиналық оқыту алгоритмдерін меңгерген мамандарға сұраныс артады. Елдегі жоғары оқу орындарында жасанды интеллект пен деректер талдауы бойынша курстар енгізіліп, арнайы зертханалар ашылды. Мұнда студенттер зерттеу жүргізіп, тәжірибе жинай алады.

Киберқауіпсіздік де болашағы зор бағыт. Цифрландыру деңгейі артқан сайын кибершабуылдар мен деректердің ұрлану қаупі де арта түседі. Қазақстанда осы мәселенің алдын алу үшін арнайы оқыту курстары мен бағдарламалар пайда бола бастады. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдармен бірлесіп, деректерді қорғау стандарттарын жетілдіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Көптеген университеттер мен колледждер ақпараттық қауіпсіздік бойынша жаңа бағдарламалар ашып, болашақ мамандарды даярлауды бастап та кетті. Бұл салаға мемлекеттік гранттар да бөлініп жатыр.