Күзгі жиын-терім көлемі биыл рекордтық деңгейге жетті.

Бүгін үкімет отырысында астық ору науқаны қорытындыланды. Ауыл шаруашылық министрінің мәліметінше, биыл 27 млн тоннадан астам бидай орылыпты. Бұл былтырғы көрсеткіштен 500 мың тоннаға көп. Айта кетерлігі, осы жылы егістік алқаптары әртараптандырылып, бидай егістігі қысқартылған еді. Нәтижесі қандай болды?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Биыл егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидай егісі 900 мың гектарға қысқарды. Алайда, өнімділік бұдан азаймады, керісінше артты. Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров “қолданылған агротехнологиялар тиімділігін тағы да дәлелдеді” дейді. Сонымен биыл бидай 12,2 млн гектарға егілді. Орақ науқанының қорытындысы бойынша 20 млн тоннадан астам өнім алыныпты. Өнімділік былтырғымен салыстырғанда жарты млн тоннаға көбейген. Жалпы ел бойынша түрлі дақыл егілген 16 млн гектардан 27 млн тонна астық жиналып, қамбаға құйылды. Яғни әр гектардан орта есеппен 17 центнер өнім алынған. Мәселен, астықты Ақмола облысы биыл мол өнім жинапты.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Біз рекордтық 7 млн 600 мың тонна астық және бұршақ дәнді дақылдарды жинадық. Былтырғыға қарағанда 1млн тоннадан астам. Орташа түсім 16,3 ц/га. 75 пайызы жоғарғы сұрыпты үшінші классты өнім. Ол өткен жылғы көрсеткіштерден айтарлықтай жақсы.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Биыл элеваторларға 7 млн 700 мың тонна астық өткізілді. Бұл былтырғыдан екі есе көп. Салалық министрдің айтуынша, экспорттық субсидиялау бағдарламасы ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже берді. Өткен маусымда астық экспорты 47%-ға артып, 13,5 млн тоннаға жуықтаған. Биыл қазақстандық астық Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері және Солтүстік Африка елдеріне жеткізілді. Сондай-ақ Иран, Әзербайжан, Армения мен Грузия бағыттарына экспорт қайта жанданды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылық министрі:

- 1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына өтінім қабылдау басталды. Қарашаның екінші онкүндігінде шаруаларға револьверлі кредит беру ашылады. Бұл бір кепілдікпен жыл сайын несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көлемі 250 млрд теңгеге жеткен жеңілдетілген несие бағдарламасы арқылы техника жаңарту қарқыны 6,5 пайызға жетіп, екі жылда ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 80 пайыздан 70 пайызға төмендеді.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Күзгі жиын-терім қорытындысын тыңдаған Үкімет басшысы салалық министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді. Олжас Бектенов Азық-түлік корпорациясына бидайды уақтылы жеткізу, келесі жылы себілетін минералды тыңайтқыш көлемін арттыру, көктемгі егіс және орақ науқанын қаржыландыруға ертерек кірісуді тапсырды.

Бақыт Топтаева, Руслан Әлиев