Шығыс Қазақстанда браконьерлікпен күрес күшейтілді. Аймақтың таулы, орман алқаптарын полиция қызметкерлері мен «Қазәуеорманқорғау» инспекторларынан құралған арнайы топ бақылайды.
Мамандар Ми-8 тікұшағымен Алтай ормандары және өзен алқаптарында заңсыз ағаш кесушілер мен балықшылардың жасырын тобын анықтап, қылмыстың алдын алды. Бүгінге дейін мыңнан астам адам заңсыз әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуге міндеттелді.
Табиғатты қорғау инспекторлары облыстың шалғай жерлеріне тек тікұшақпен жете алады. Кезекті рейд Громотуха таулы өзенінің сағасында өтті. Мұнда браконьерлер қадырғы балығын шанышқымен аулаған. Инспекторлар оларды қылмыс үстінде ұстады.
Владимир Санаров, «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің аға инспекторы:
- Браконьерлердің техникалық мүмкіндігі бізден әлдеқайда жоғары. Сол себепті оларға қарсы әрекетті алдын ала жоспарлап, жылдам қимыл жасауымыз қажет.
Соған қарамастан табиғатты қорғау қызметі браконьерлік әрекеттердің алдын алып келеді. Күні кеше Шемонаиха ауданында инспекторлар заңсыз ағаш кесу фактісін анықтаған.
Дархан Ерсалин, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы:
- Осы факті бойыншы құжаттар құқық қорғау органдарына хабарланды. Қазіргі уақытта қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта әуе рейдтік шаралар жүргізілетін болады. Қараша-желтоқсан айларында қылқан жапырақты ағаштарды қорғау бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Биыл табиғатты қорғау полициясы ауқымды жұмыс атқарды. Жыл басынан бері 40-тан астам іс сотқа жолданды. 1000-нан аса браконьерге әкімшілік айыппұл салынды.
Әсет Қизатов, Табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы:
- Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы бойынша 200-ге таман әкімшілік хаттама толтырылып, ерте қылмыстық іс қозғалуда. Біз ШҚО халқына және қонақтарына ескертетініміз экологиялық құқықбұзушылық әкімшілік және қылмыстық кодексте қарастырылғанын жеткіземіз.
Шығыста қорық аумақтарын әуе арқылы патрульдеу жалғасады. Алайда Ми-8 тікұшағын тұрақты түрде пайдалану қомақты қаржыны қажет етеді. Мысалы, бір рет жанармай құю үшін бір миллион теңге кетеді. Енді табиғатты қорғау инспекторлары қашықтан басқарылатын дрондарды қолдануды жоспарлап отыр. Бұл тәсіл бақылау жұмыстарын тиімдірек жүргізуге, шығынды азайтуға және заңсыз аңшылық пен орман өрттерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин