Бүгінгі таңда әр вагоннан сынама алынады.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қытай шекарасында отандық астықтың жіті тексерілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, министрлік бүкіл экспортты бақылауда ұстап отыр.
"Жалғыз Қытай емес, 45 мемлекетке біздің бидайымыз жіберіледі. Әр жерде өзіндік мәселе туындайды. Қытайда проблема бар. Комитеттің адамдарын ол жаққа жібердім. Қазір жұмыс сол жерде жүргізіліп жатыр. Біздің жақтан барлық жұмыстар шешілген. Қытай жағы бүкіл бидайды тексеруі керек. Мысалы, бұрын он вагонның бірін ғана алатын болса, бүгін әр вагоннан сынама алып тексереді. Тексеру қатал. Сондықтан сол жағынан кішкене кешігіп жатыр. Әрі қарай өзім сол жаққа барып, бас кеден басқармасының басшылығымен келісім жасап, бұл жұмысты тездетуді жоспарлап отырмын", – деді ведомство басшысы тілшілердің сауалына берген жауабында.
Бұл мәселеге қатысты АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков те пікір білдірді.
"Біздің комитет қажет құжаттардың бәрін берді. Бұл Қазақстан ішінде емес, негізінен Қытайдың шекарасында вагондар тұр. Біз жақында ғана министрдің атынан Қытай Республикасына хат жолдаған болатынбыз. Осы айдың көлемінде кездесу болады", – деп атап өтті спикер.
Оның сөзінше, бұл жағдай жыл сайын қайталанады.
"Фитосанитария жағынан Қытай өте қатаң қарап жатыр. Әр вагонды жеке-жеке қарайды. Сол себепті осындай жағдай туындады. Барлық жақта талап күшейіп жатыр. Шет мемлекетте ана емес, біздің тарапымыздан да қатаң зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", – комитет төрағасы.
Айта кету керек, бұған дейін көрші ел Қазақстанның астық жүгін тексеруді қатаңдатып жатқанын жазған едік.