Сауда министрлігінің хабарлауынша, лизинг келісімшартына үш тарап қатысады.
Қазақстандықтарға көлікті лизингке алуға рұқсат келесі жылы берілуі мүмкін. Сауда министрлігі талқылауға шығарған ережеге сүйенсек жеке тұлғалар, төлей алмаса, жалға алған көлікті ешбір қарызсыз қайтара алады. Одан бөлек темір тұлпар үшін салықты лизинг беруші компания өтеуі ықтимал, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы..
Қарапайым халық та енді көлікті жалға алып кейін оны өзінде қалдыра алады. Алайда бұл қалаған темір тұлпарыңды мінесің дегенді білдірмейді. Тек жаңасын ғана рәсімдей аласыз. Қанша жерден жылы жаңа болса да, айдалған көлік жарамайды. Тағы ескере кететіні, лизинг кезінде мүліктің қожайыны өзіңіз емес, оны жалға алып берген компания болады.
Сауда министрлігінің хабарлауынша, лизинг келісімшартына үш тарап қатысады.
Лизинг беруші компания көлікті сатушыдан рәсімдеп, жеке тұлғаға жалға береді. Машинаны алған азамат ай сайын төлеп, мерзімі келгенде автомобильдің қалған сомасын беріп өз меншігіне аударады. Немесе қарызсыз кері қайтаруға құқылы. Ал лизинг рәсімдеу кезінде адамның табысы, басқа несиелері, төлем қабілеті тексеріледі.
"Бұл мемлекеттік бағдарлама емес. Тек қана нарықтағы сатудың бір механизмі жағынан ашылып жатыр. Ол адамның басында 1 машина бар ма, 2 көлік бар ма немесе жоқ болса да үміткер бола алады", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты Олжас Құспеков.
Келісімшартқа сәйкес лизинг алушы немесе беруші сатушы мен көлікті таңдайды. Темір тұлпардың сапасына сол таңдауды жасаған тарап жауапты болады. Сыйақы мен айыпақы мөлшерін де екі жақ өздері келіседі. Бірақ төлемді кешіктірген жағдайда әуелі өсімақы төлетеді. Лизингтің жылдық мөлшерлемесі де болады. Бірақ пайыздар әлі белгісіз. Бір анығы жеке тұлға төлемді екі рет кешіктірген жағдайда көлікті қайтарып алады.
"Лизинг деген автокредит емес. Бірақ көлікті жалға алу үшін де алғашқы жарна сұрауы мүмкін. Қазір оның пайызын белгілемеді. Алғашқы жарнасыз да беруі мүмкін. Бірақ лизингтің пайызы төмен, талабы жеңіл болмаса халық та қызықпайды", – деді авто сарапшы Алексей Алексеев.
Лизинг кезінде көліктің заңды иесі компанияның өзі болғандықтан салықты өзі төлеуі мүмкін. Бірақ авто сарапшының айтуынша, жалға берушілер осы және автосақтандыру шығынын жеке тұлғаға жүктеуі ықтимал. Жалпы барлығы келісімшартқа байланысты дейді. Сауда министрлігінің мәлімдеуінше, көлік сатушылары да лизинг беруші бола алады. Қазір нақты тәртіп жоқ, жоба қоғамдық талқылауда.