Енді кәсіподақ ұйымның басшыларына немесе мүшелеріне, ереуілге шығу құқығы берілуі мүмкін. Алайда ол «бейбіт» түрде болуы шарт.

Тиісті шешімді қазір Мәжіліс депутаттары қарап, оны Еңбек кодексіне енгізуі ықтимал. Ал кәсіподақ ұйымы жоқ мекемелер болса, онда «бейбіт ереуілге шығу» шешімін қызметкерлердің арасынан сайланған өкіл қабылдай алады.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір қаралып жатқан өзгерістердің негізгі мәні ереуіл кезінде шешім қабылданатын болса, соны регламентация жасау. Әртүрлі сала бар. Мысалы, уран, мұнай саласы. Осы салаларда ереуілге шығуды реттеу мәселесі қарастырылған. Яғни ереуілге шыққан кезде негізгісі өндірістік цикл жұмыс істеп тұру керек. Ереуілге шығу мәселесін кәсіподақта талқылау мәселелері барлығы қарастырылған. Бұл осы еңбек қатынастарындағы кәсіподақтардың рөлін арттырады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл сала маған таңсық емес. Мен кәсіподақтармен жұмыс істеген адаммын. Қазір оның кез келген мүшесінен «кәсіподақ жұмысы қандай?» деп сұрасаңыз, сізге түрлі пікір айтуы мүмкін. Кәсіподақ дегенде алдымен ойға ақша мәселесі келеді. Жалақының қанша пайызы осы ұйымға тиесілі және ол қайда жұмсалып жатыр деген сұрақ туындайды. Сондықтан бұл тұста «ашықтық» мәселесін ұмытпаған жөн. Барлық салаға ашықтық әрі әділдік керек. Бүгінде Мәжілісте еңбек кодексін қарап жатырмыз. Жуырда бірінші оқылымға шығаруымыз ықтимал.