Елде 5 жылда еріктілер ұйымдарының саны 3 жарым есе артты.
Ал белсенді волонтёрлер саны 6 еселенді. Қазір ел бойынша 810 еріктілер қозғалысы жұмысын жандандырып отыр. Бір қызығы, кейінгі жылдары егде жастағы еріктілердің саны 8 есе көбейген. Ресми дерек елде күміс жастағы 6 мың волонтёр бар, — дейді. Осы еріктілер қызметі несімен ерекшеленеді?
Диас Бекмұраттың ерікті болуға бет бұруы әлемді коронавирус жайлаған қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келді. Ол кезде жоғары сыныпта оқып жүрген жеткіншек елге көмегім тисе екен деп, еріктілер ұйымына қосылады.
Жастармен бірге қызу еңбекке кіріседі: Қоғамдық орындарды дезинфекциялау, қарттар мен көпбалалы отбасыларға азық-түлік, керек-жарақ жеткізу, тіпті, ковид кезінде тапшы болған медициналық бетперделерді тігуге де атсалысты.
Диас Бекмұрат, ерікті:
- Коронавирус өздеріңіз білесіздер көптеген жағдайларға шектеу қойылған болатын. Ол кезде маска жетіспеушілігі болды бірден волонтёрлар штабы аясында 5-6 адам құрылып маска тіктік өз қолымызбен. Тігіп, керек-жарақтарын алып қала тұрғындарына таратқан болатынбыз. Ол кезде ойлануға да уақыт болған жоқ. Тек қана қоғамға бір пайдалы істеріңді қалдыру.
Волонтёрлықтың ерекшелігі жұмыс жыл он екі ай жалғаса береді. Ерікті болу үшін ең алдымен жүректің қалауы, мінездің батылдығы, еңбекке деген шынайы сүйіспеншілік қажет. Президент 2020 жылды елімізде «Еріктілер жылы» деп жариялауы қоғамдағы осы қозғаушы күштің жұмысына серпін берді, дейді волонтёр.
Диас Бекмұрат, ерікті:
- Волонтёрлердің жұмысы туралы кеңінен айтыла бастады деп есептеймін. Қазір осы салада кеңінен бет бұрып жасап жатқан жұмыстарымнің бірі экологиялық бағыт. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жобасын біз әрқашан қолдаймыз. Бұл бір күндік науқан емес, бұл біздің ел үшін өмірлік ұстаным.
Бүгінде әрбір 110-қазақстандық өз еркімен әлеуметтік, экологиялық, мәдени, білім беру жобаларына атсалысып, әлеуметтік осал топ өкілдеріне ұдайы қолұшын созады. Ресми дерек бойынша еліміздің 20 аймағында волонтёрлардың фронт-кеңсесі ашылған. Жалпы елде 810 еріктілер қозғалысы белсенді қызмет атқарады. Биыл ел бойынша волонтёрлық бағытта 130 мың іс-шара ұйымдастырылып, 2 млн. адамға көмек көрсетілді.
Волонтёрлар фронт-кеңсесі — 20 аймақ
Еріктілер ұйымының саны – 810
Волонтёрлық іс-шаралар – 130 мың
Көмек көрсетілді – 2 млн адам
Ырысты Жексенбаева, ерікті:
- "Жүректен жүрекке" деген қоғамдық қор бар Атырауда. Ол жерде біз әлеуметтік сала бойынша әр түрлі жобаларды іске асырамыз. Мысалы, біздер жануарларға көмектесеміз, балалар үйіне барамыз, қарттар үйіне немесе ағылшын жақсы болса, қолы жетпейтін отбасылар болады ғой соларға ағылшын тілін үйретеміз.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Қоғамда еріктілердің еңбегі еленіп жатыр ма? Олар түрлі тәуекелден қаншалықты қорғалған? Ең алдымен, 2016 жылы елде «Волонтерлық қызмет туралы» заң қабылданғанын атап өту керек. Одан кейін, «Волонтерлар жылын» жариялау, ел Үкіметінің «Волонтерлікті дамытудың жаңа жол картасын» бекітуі – саланы қолдаудағы маңызды қадамдар. Сондай-ақ екі жылда 400 волонтёр «Халық алғысы» мемлекеттік наградасын иеленді.