Саммитке қатысушылар қорытынды декларацияға қол қойды.

Оңтүстік Кореяда өткен АТЭС саммитінің жабылу күнінде сөйлеген сөзінде Си Цзиньпин бұған дейін АҚШ қабылдамаған жасанды интеллектіні (ЖИ) басқару жөніндегі орган құру идеясын тағы қайталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жасанды интеллектіні (ЖИ) бақылау және басқару жөніндегі жаһандық ұйым құруды ұсынды. Мұндай платформа құру қажеттілігі туралы ол 1 қарашада Оңтүстік Кореяның Кёнджу қаласында өткен Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы саммитінде мәлімдеді.

Сидің пікірінше, жасанды интеллект саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымы басқару ережелерін белгілеп, ынтымақтастықты нығайтып, ЖИ-ді "халықаралық қоғамдастықтың ортақ игілігіне айналдыра алар еді".

"Жасанды интеллект болашақ дамудың маңызды факторы және ол барлық елдер мен аймақтардағы адамдардың игілігі үшін жасалуы тиіс", – деп оның сөзін Синьхуа агенттігі келтіреді.

Reuters-тің хабарлауынша, Қытай билігі биыл осындай бастаманы бұған дейін де ұсынған, алайда АҚШ ЖИ-ді халықаралық ұйымдар шеңберінде реттеу идеясын қабылдамаған.

Сонымен қатар Қытай басшысы ашық бастапқы кодты бағдарламалық қамтамасыз ету жобалары саласындағы технологиялық ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды. Оның айтуынша, бұл бәсекеге қабілетті әрі ашық инновациялық орта құру үшін қажет.

Си Цзиньпин Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы елдерін аккумуляторлар мен күн панельдері сияқты, Қытай үстемдік ететін жасыл технологиялардың "еркін таралуын" қолдауға шақырды. Сондай-ақ ол Қытай таза энергетика саласындағы бастамаларды жалғастыратынын және көміртек шығарындыларын қосарлы бақылау жүйесін енгізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.

Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығына мүше 21 елдің көшбасшылары бірлескен декларация қабылдап, Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің энергия көздеріне тұрақты және қауіпсіз қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті. Олар газ бен сұйытылған табиғи газдың маңызын атап өтіп, энергия ресурстарын әртараптандыруға шақырды.

Сонымен бірге декларацияда "қажетті инвестицияларды қолдау, технологиялық инновацияларды дамытуға ынталандыру және нарықтың тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасау" қажеттігі айтылған. Сондай-ақ аймақтың электр желісі инфрақұрылымын жетілдіру мен өзара байланысын арттырудың маңыздылығы көрсетілді.

Саммит қатысушылары "өзгеріп жатқан жаһандық ортада бағдар алу үшін экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге" дайын екенін білдірді. "Біз нарықтық қағидаттарға негізделген аймақтық экономикалық интеграцияны ілгерілетеміз, соның ішінде еркін сауда аймағын құру жөніндегі жұмысты жалғастырамыз", – делінген мәлімдемеде.

Саммит барысында жасанды интеллект саласында ынтымақтастық туралы келісімге де қол қойылды. Ол Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы елдерінің экономикасының барлық деңгейінде ЖИ технологияларының әлеуетін арттыру мен қоғамның ЖИ-ге деген сенімін күшейтуді көздейді.

Келесі Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы саммиті 2026 жылғы қарашада Қытайдың оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласында өтеді. Бұл қала робототехникадан бастап электр көліктеріне дейінгі көптеген салада ірі технологиялық орталық болып табылады.