Халық қалаулысы өзекті мәселе көтерді.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов пластикалық ота жасайтын клиникаларды тексеруді сұрап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат жастар арасында түрлі оталар жасату танымалдыққа ие екенін, бірақ ол қауіпсіз емес екенін айтады.
"Кейбір олигархтар медициналық қызметпен айналысып, түрлі зертханалар ашты. Әрине, оларға тексеру жүргізілгені тиімсіз. Бірақ былтыр біз осы ұйымдарды тексеру құқығын қайтардық. Жаңа туған нәресте шетінеп кеткен жағдай болды, бірақ оны тексере алмадық, себебі оған Кәсіпкерлік кодекс тыйым салды. Бірақ та, Конституцияда мемлекет үшін ең басты құндылық – адам өмірі деп жазылған. Былтыр біз тексеру жүргізу құқығын қайтардық, енді бұл салаға қатаң бақылау қажет. Меніңше, техникалық және санитарлық тексерулер міндетті түрде жүргізілуі тиіс", – деді Мұрат Әбенов.
Мұрат Әбеновтің айтуынша, пластикалық ота жасайтын клиникалардың жартысында жергілікті сертификаттар болмауы мүмкін.
"Сертификат беруге де үлгермей жатады. Сол себепті Денсаулық сақтау министрлігі қатаң тексеру жүргізуі қажет. Бір аптаның ішінде екі адамның көз жұмуы салада үлкен мәселе бар екенін көрсетеді. Бір қарағанда қарапайым әрі қауіпсіз болып көрінетін косметологиялық процедуралардың өзі препарат құрамына байланысты үлкен қауіп төндіруі ықтимал", – деп атап өтті халық қалаулысы.
Айта кету керек, бұған дейін Алматыда пластикалық отадан кейін танымал блогер көз жұмғанын жазғанбыз.