Франция үкіметінің қатаң үнемдеу саясаты халықтың әбден шамына тиген сыңайлы. Әлеуметтік бағдарламалардың қысқаруына наразылық білдіріп, ел бойынша кәсіподақтар 150 митинг ұйымдастырды.
Алайда биліктегілер: "Белшесінен қарызға батқан мемлекеттің шығынын қысқартуға мәжбүрміз", — дейді. Өйтпеген жағдайда, Францияның сыртқы берешегі алдағы 5 жылда жалпы ішкі өнімнің 128 пайызына жетуі мүмкін. Сондай-ақ елде 65-ті алқымдаған қарттардың саны 22 пайызға дейін өскен. 2070 жылға қарай бұл көрсеткіш 30 пайызға дейін артуы ықтимал. Ал қариялар көбейсе зейнетақы төлеу, денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету де қиындай түседі. Жаңа бюджетке қатысты шешім 9-желтоқсанда Парламент отырысында қабылдануға тиіс.