Қазақстанның жасанды интеллект кеңістігінде 4 жаңа жоба пайда болды. IT мамандар ChatGPT-дің отандық баламаларын жасап шықты. Олар ақпарат береді, сурет салады, жылдам аудармашы қызметін атқарады және кез келген бейнеге субтитр жасай алады. Жасанды жадты қазақша ойлатқан мамандардың жұмысын тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес көріп қайтты.
Енді, кез келген мемлекетке бара қалсаңыз сол елдің тілінде емін-еркін сөйлесе аласыз. Отандық IT мамандары «MangiSoz 2.0» деп аталатын жасынды интеллекті іске қосты. Ол қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдеріндегі мәтінді бір секундтың ішінде мәтінге немесе аудиожазбаға аударып береді.
Мамырбек Парахат, Назарбаев университетіне қарасты ақылды жүйелер мен ЖИ институтының сарапшысы:
Бұған ең маңыздысы — деректер. Бұған дейін біз төрт тілдің әрқайсысы үшін 10 миллион сөз тіркесін енгіздік. Бір жағында бір тілдегі сөйлем, екінші жағында – екінші тілдегі сөйлемдер. Қазір бұл көрсеткішті 13 миллионға жеткіздік. 13 миллион сөз тіркесі өте үлкен деректер қоры болып саналады. Біз деректерді модульдерге үйрете отырып, осындай деңгейге жеттік. Бұл жүйенің бір ерекшелігі – «Яндекс», «Google» тәрізді жүйелерден өзгеше, біз әлемде бар «FLORES» атты деректер желісімен сараптама жасап, тест жүргізе аламыз. Сол кезде біздің модуль ең үздік нәтиже көрсетіп тұр.
«MangiSoz» жүйесінің басты артықшылығы – оның дербестігі мен қауіпсіздігі. Әрі интернетсіз жұмыс істейді. Әзірге браузер арқылы қолдануға болады. Болашақта мобильді қосымшасы пайда болмақ.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
IT мамандар жасаған тағы бір жоб «Beynele» деп аталады. Ол — ұлттық нақышта сурет салатын ЖИ. Beynele – қазақ, орыс және ағылшын тілінде берілген мәтіндік сұраныс бойынша визуалды сурет жасайтын генеративті модель.
Модельдың ерекшелігі — Қазақстанға тән мәдени әрі психологиялық түсініктерді де дәл қабылдайды. Өйткені, ол қазақстандық деректер негізінде құрылған. Бұл құрал арқылы ұлттық болмыс пен эстетика цифрлық кеңістікте көрініс табады.
Ал мынау ChatGPT-дің отандық баламасы «Oylan 2.5» деп аталатын жасанды интеллект. Ол мультимодальды, яғни мәтін, дауыс және сурет арқылы ақпарат қабылдап, кез келген мәліметті қас қағым сәтте ұсына алады.
Ғаламмадин Асқар, Назарбаев университетіне қарасты ақылды жүйелер мен ЖИ институтының ғылыми қызметкері:
Large Language Model деп аталатын модельдердің бірі. Оның аналогтары ChatGPT, DeepSeek және Meta компаниясындағы LLM-дер. Бұл модельдің ерекшелігі ол қазақша ойлай алады. Яғни, қазақша сұрақ қойылған кезде, жауапты қазақы ойлау жүйесі арқылы береді.
Сауалды мәтінмен немесе дыбыспен қоюға болады. Сурет жүктеп, түсіндірме сұрай алады, қазақша жауапты кириллицада да, латынша да таңдай алады. «Oylan» нақты ақпаратты интернеттен немесе құжаттардан іздейді. Формула мен кодты дұрыс форматта көреді. Бұл әсіресе оқушылар мен ІТ мамандар үшін маңызды,-дейді авторлары.
Мамандардың тағы бір жетістігі «TilSync» жүйесі. Жүйе субтитр мен аудиоаударма жасайды. Мысалы, видеоконференция кезінде қазақ тілінде сөйлеген адамды тыңдаушы бір мезетте орыс немесе ағылшын субтитрімен көре алады. Бұл халықаралық жиындар, қашықтан оқу, подкастинг пен стриминг кезінде маңызды. «TilSync» Zoom, YouTube, Teams сияқты платформалармен оңай біріктіріледі. Айта кету керек, Oylan және MangiSoz және Beynele жасанды интеллектілерін пайдалану үшін сайтына кіріп, тіркелу қажет. Тіркелгеннен кейін әр қолданушыға үш жасанды интеллектке ортақ 250 мың таңба тегін беріледі. Ол біткеннен кейін сатып алу керек болады.
Нұрсұлтан Тілектес