Үлескердің қолма-қол ақшаға пәтер алуына тыйым салынады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері бүгін жаңа заңға сай елімізде тұрғын үй құрылысына үлескерлерді тартудың тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ құрылыс компанияларын қаржыны заңды жолмен тартуға ынталандыру үшін бірыңғай оператор кепілдігін алу шарттары жеңілдетілді. Енді тәжірибе талабы 3 жылдан 2 жылға қысқарды. Ал құрылыс көлемі ірі қалалар мен елордада 18 мың шаршы метрден 10 мың шаршы метрге, өңірлерде 9 мыңнан 5 мың шаршы метрге дейін төмендеген. Аталмыш ережелер үлестік құрылыс процестерін ашық етуге бағытталған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі айтты.
Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің төрағасы:
Үлестік құрылыстың тартымдылығын арттыру үшін заңнамаға бірқатар түзету енгізілді. Бұл өзгерістер мемлекеттік бақылауды күшейтіп, саладағы заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Енді азаматтық кодекске сәйкес үлестік құрылысқа қатысты алдын ала келісімшарттар жасауға тыйым салынады. Сонымен қатар Бірыңғай оператордың рұқсатынсыз қаржы тартқан немесе заңсыз жарнама таратқан компанияларға салынатын айыппұл 300-ден 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін өсті.
Темірлан Нұрсолтан