Бүгін Қазақстандағы алғашқы автономды «NeuroBox» суперкомпьютері таныстырылды. Бұл – цифрлық тәуелсіздікке бастаған үлкен қадам. Себебі бұған дейін елдегі суперкомпьютерлердің бәрі шет елден әкелінсе, енді өзімізде құрастырылып отыр. Яғни «Ақпараттық қауіпсіздік өте жоғары деңгейде қорғалған», — дейді құрастырушылар. Бұл суперкомпьютер – жасанды интеллект, машиналық оқыту, үлкен деректерді талдау және жоғары өнімді есептеулерді дамытуға арналған инновациялық платформа. Сондай-ақ ең үлкен ерекшелігі – интернетсіз жұмыс істейді . Бір құрылғының құны – 70 млн теңгеден басталады. Барлық тілде ақпарат алуға мүмкіндік бар.

Төлеген Омарбеков, «NeuroBox» компаниясының құрылтайшысы:

Бұл жерде ең бастысы – жылдамдық. Бір қызметкер бір құжатты дайындауға бірнеше ай жұмсауы мүмкін. Бірақ біздің суперкомпьютердің көмегімен 1-2 сағатта жұмысын аяқтайды. Сондықтан әсіресе мемлекеттік қызметкерлерге, компаниялар мен корпорацияларға пайдасы орасан. Тіпті кез келген видеоны, мәселен жол-көлік оқиғасын жүктесеңіз, бірер секундта хаттама әзірлеп, ары қарай не істеу керегін көрсетеді. Сондықтан кез-келген салада көмегі тиеді. Ал жеке тұлғалар үшін құрылғыны сатып алмай-ақ, App Store, Play market сынды қосымшалардан жүктеп, пайдалануға болатын жағдай жасаймыз.

Ақниет Балтанова