Қостанай облысында 800-ден астам ветеринария қызметкері бар, деп хабарлайды 24kz.

Мамандардың орташа жасы 40-45 аралығында болса, егдесі 70-ке таяған Саналы ғұмырын осы салаға арнаған мал дәрігері – Жұмабек Әбдірахманов. Еңбек өтілі 40 жылдан асқан ардагер әлі күнге жануарларды емдеп жүр.

Соңғы жылдары ветеринария саласында ауқымды істер атқарылып жатыр. Былтыр шілденің 10-ы Ветеринариялық қызметкерлер күні деп жарияланды. Бұл күн мамандықтың маңыздылығын тағы бір айқындап тұрғандай. «Мал дәрігері болу кездейсоқ адамның қолынан келмейді. Ол үшін мамандыққа адалдық қажет», - дейді сала ардагері Жұмабек Әбдірахманов.

Жұмабек Әбдірахманов, ветеринар:

- Ауылда өстім, кішкентай кезімнен малмен айналысып жүрмін. Өзім мал көп ұстадым. Солай малға жақын болдым. Өте қызықты жұмыс. Жан-жақты білу керек. Терапияны білу керек. Хиругрияны білу керек.

Тәжірибелі маман Жұмабек Әбдірахманов сыртынан қарап-ақ малдың жай-күйін анықтай алады. Шұғыл ота жасауға тура келген кездері де болыпты.

Жұмабек Әбдірахманов, ветеринар:

- Мұрнынан, аузынан сілекей ағады, сосын жөтеледі. Сосын жылқыларда өкпе жағы терлейді. Асқазан ауруы болса, дәрігер анықтап алады. Не жеді, не ішті. Мен өзім кесарь тілігімен 10-11 операция жасадым.

Бұл мамандыққа жастардың да қызығушылылығы артып келеді. Ветеринарлық-фельдшер Ержан Молдыбаев бірге жұмыс істейтін ардагер ұстазынан көп нәрсені үйренгенін айтады.

Ержан Молдыбаев, ветеринарлық фельдшер:

- Жұмабек Байбосыұлымен 4-5 жыл бірге жұмыс істеп жатырмыз. Өзінің мамандығын жақсы біледі. Қасында жүргесін ол кісі бізге бәрін үйретеді. Осы кісі бәрімізге бір жағынан әке, мұғалім де болып шығады.

Соңғы жылдары елімізде ветеринария саласы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Аурулардың мониторингі, алдын алу жүйесі жақсартылды, зертханалық база кеңейтілді. «Жануарлардың аурушаңдығы 49%-ке төмендеуі сол жұмыстардың жемісі», - дейді жауаптылар.

Төлеген Иманбаев, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Бізде 850-ден артық әріптесіміз жұмыс істеп жатыр. Қазір орташа жас 45-ке келеді. Жастарда келіп жатыр. Әрбір мекемеде ветеринарлық станцияда бізде 3-4 адам істейді. Жалпы аудан бойынша 36-60-қа дейін маман бар.

Ветеринария қызметін материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселесінде де оң өзгеріс бар. Былтыр өңірдегі мал дәрігерлеріне 20 автокөлік берілді. Ал биыл 34 елді мекенде замануи ветеринарлық станция салынады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров