Көкшетауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. 200 тоннадан астам түрлі азық-түлік өнімі сауда сөрелеріне шығарылды.

Жәрмеңкеге 122 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатысты.

Таңғы сағат сегізден басталған жәрмеңкеге жиналған жұрттың қарасы қалың. Тұрғындар тарапынан әсіресе, ет пен сүт өнімдеріне сұраныс жоғары екені байқалды. Ауыл дәмін сағынған шаһар халқы осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұрса дейді.

Ақбота Әбжанова, қала тұрғыны:

- Бүгінгі жәрмеңке жақсы деңгейде өтіп жатыр деп есептеймін. Бағалары өте жақсы, қолайлы. Біз бұдан қымбаттырақ алып жүр едік. Осындай жәрмеңкелер жиі келіп, жақсы бағаларымен қуантып тұрса нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы сауда-саттық шарасы қала тұрғындарын қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Омархан Мамытов, кәсіпкер:

- 3100 теңгеден 800 келі қара мал әкелдік. Жылқы етін әкелдік — 250 келі. Қой етін әкелдік — 400 киллограм. Міне, жақсы өтіп жатыр.

Жергілікті халық жәрмеңкені асыға күтеді. Себебі мұндағы азық-түлік бағасы нарықтан 15-20 пайызға арзан.

Нұрбек Бадырақов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Жәрмеңкеге аудан, қала әкімдіктерінен 122-ге жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып отыр. Жалпы бүгін 60 павильон, 122 сауда орыны қойылды. Базар бағасымен салыстырған 10-15 пайызға төмен сатылып отыр.

Жалпы жыл басынан бері облыс орталығында осындай 2 жәрмеңке ұйымдастырылды. Енді осы айдың соңында, яғни Респбулика күні қарсаңында ақмолалық тауар өндірушілер елордалық тұрғындарға ауыл дәмін жеткізеді.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко