Мәскеудегі әйгілі Третьяков галереясында «Қазақстан өнерінің жауһарлары» атты көрме ашылды .

Салтанатты іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен ресейлік әріптесі Ольга Любимова қатысты. Осылайша көрші Ресей елінде Қазақстанның мәдениет күндері бастау алды. Қазақ өнерінің мерекесі аясында тағы қандай шаралар жоспарланған?

Ресейдегі Қазақстанның мәдениет күндері аясында «Қазақстан өнерінің жауһарлары» атты көрме ашылды. Ол XX ғасырдағы талантты шеберлердің 60-тан астам кескіндеме және мүсін туындыларын қамтиды. Соңғы рет Мәскеуде қазақ суретшілерінің көрмесі 1991 жылы өткен.

Ольга Любимова, РФ Мәдениет министрі:

- Біз Ресейдегі Қазақстанның мәдениет күндерін үлкен қуанышпен қарсы алып жатырмыз. Бағдарлама Мәскеу тұрғындары мен қонақтарына Қазақстанның бай мәдениетімен танысуға мүмкіндік беретін ауқымды шараларды қамтиды.

Көрме 23 қарашаға дейін жалғасады. Мұндағы туындылар суретшілердің бірнеше буынын шабыттандырған бейнелеку өнерінің басты тақырыптары мен көркемдік бағыттарын көрсетеді. Бағдарламаны Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі бір жыл бойы әзірледі.

Екатерина Резникова, Третьяков галереясындағы «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесінің кураторы:

- Негізгі туындылар ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардан сыр шертеді. Аң аулау, бие сауу, айтыс өнерінің көріністері де бейнеленген. Көздің жауын алатын картиналар мен пейзаждар да бар. Мұның бәрі қазақ жерінің тыныс-тіршілігін жан жақты сипаттап, мол ақпарат береді.

Владислав Власов, суретші:

- Мұнда қазақстандық жанр түгелдей қамтылған. 30-40-шы жылдардың басында Черкасский, Колмаков, Айтбаев дүниеге әкелген туындылар бар. Заманауи бірегей суретшілердің жұмысын да көрдік. Туындылардан саланың қаншалықты дамығанын анық байқауға болады.

Қазақстанның Ресейдегі Мәдениет күндері — ауқымды жоба. Мәскеудің жетекші алаңдарын қамтитын жоба ел мәдениетінің әртүрлі салалардағы жетістіктерін паш етеді.

Авторлары: Мөлдір Жақан, Наргиз Рахимжан, Алексей Мжельский, Олег Стопкин