Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Түркістандағы «Достық үйінде» облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» атты мерекелік іс-шарасы өтті.
Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, облыстық ассамблеяның мүшелері, этномәдени бірлестік төрағалары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Мерекелік шарада қонақтарға этномәдени бірлестіктердің ұлттық көрмесі ұсынылды. Жиналғандар өзбек халқының қолөнер бұйымдары мен аспаздық өнерін, салт-дәстүрін тамашалады. Этносаралық татулықты нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалымен, «Алғыс» төсбелгісімен марапатталды.
Икрам Хашимжанов, Қазақстан өзбектері «Достық» қауымдастығының төрағасы:
- Әр этностың өкілдері келіп, бізбен бірге осы іс-шараны өткізуге атсалысып, мәзір ұсынып отыр. Дастархан — қазақ халқында елдің басын қосатын құрал. Осы салт-дәстүр арқылы біз көп жолдас арттырдық. Сондықтан бүгінгі мереке құтты болсын. Елімізде тыныштық, достық, ынтымақ болсын.
Марат Әзілханов, ҚХА төрағасының орынбасары:
- Олардың барлығы еліміздің ынтымағына, бірлігіне, жастарды адал азамат қағидасында тәрбиелеуге бағытталған. Бұдан бөлек, былтыр ашылған «Достық үйінде» этномәдени бірлестіктердің ҚХА мүшелерімен кездесу өткіздік. Жастармен де кездестік, тың идеяларды талқылап, іске қосатын болдық. Барлығы еліміздегі тыныштыққа, бірлікке, ынтымаққа бағытталған.