Биыл Жамбыл облысындағы 32 колледжге 7407 грант бөлінді .
Оның басым бөлігі техникалық және кәсіптік білім беру бағытындағы 66 мамандық бойынша берілді. Мысалы, Жамбыл индустриялды -технологиялық колледжіне биыл қабылданатын 205 түлектің барлығы мемлекеттік грант есебінен тегін оқиды. Оқу орны кондитер маманы, дәнекерлеуші, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсетуші сынды жұмысшы мамандықтар даярлайды. Колледжде ашық есік күні ұйымдастырылып, келушілерге оқу ордасының материалдық техникалық базасы таныстырылды.
Дәурен Түменбаев, колледж директоры:
- Мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтарына көңіл көп бөлініп келе жатыр. Оқу мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде тегін. Бір реттік ыстық тамақпен қамтылады. Сонымен қатар шалғай ауданнан келген студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі.
Мөлдір Тұрғымбекова, қала тұрғыны:
- Жұмыс табу оңай. Менің қызым осы колледжде кондитерлікті бітірді. Қазір кондитер болып жұмыс істеп жатыр. Бұл мамандықта істеген адамдар жұмысты оңай табады. Өйткені ең керек мамандық қой. Енді екінші қызымды да осы колледжге әкеліп отырмын. Цехтарын көрдім, ұнады, ойымнан шықты. Шеберхананың бәрі жақсы, асханасы, жататын жері жақсы.