Президенттің бүгінгі Жолдауын алдыңғы қатарда отырып тыңдауға қарапайым еңбек адамдары да арнайы шақыртылған. Бұл жұмысшы мамандықтар иесіне деген ерекше құрметтің көрінісі.
Гүлшара Оңдашеваның мамандығы геолог. Бүгінде қара алтының қарашаңырағы — Атыраудағы мұнай-газ компаниясында жауапты қызмет атқарады. Тәжірибелі маман бұл салаға саналы ғұмырын арнап келеді. Еселі еңбегін ауыл-аймақ түгел біледі. Жуырда ол Президенттің жолдауын тыңдауға Астанаға шақырту алды. Мұндай құрметке қуанғанымен, әуел баста аса сене қоймағанын жасырмайды.
Гүлшара оОңдашева, «Ембімұнайгаз» АҚ Геология және мұнай-газ кен орнын игеру бөлімінің геологы:
- Сене алмай тұрмын. Маған барасы дегенде «Қой, мүмкін емес, қателесіп кеткен шығар» деп ойладым. Біз қарапайым жұмысшымыз. Осында келемін деп ойлаған жоқпын. Осы жерге келіп қобалжып тұрмын.
Қазір қоғамда жұмысшы мамандарға құрмет артты. Оларға лайықты жалақы төлеу мәселесін Мемлекет басшысы мінберден тағы көтерді. Сан-саланың қарапайым қызметкерлері бүгін елордаға жиылды. Олардың қатарында «Qarmet» әлеуметтік-еңбек қатынастары бөлімінің басшысы Әлібек Алпысбаев та бар. Өзгелер секілді маңызды іс-шарадан түйген ойын бөлісуге асықты.
Әлібек Алпысбаев, «QARMET» АҚ Әлеуметтік-еңбек қатынастары бөлімінің басшысы:
- Елімізде жұмысшы мамандықтар жылы болғанын дұрыс деп білеміз. Оны тәжірибе барысында көрдік. Өйткені металлург, шахтер, энергетик, механика саласының қызметкерлері марапатталып, өз дәрежесіне жетіп жатыр.
Ал Ришат Әмренов Павлодардан арнайы ат терлетіп келген. Ғұмырының 30 жылын тау — кен саласына арнады. Маңдай тері мен табан ақы ескерусіз емес. «Қазақстанның Еңбек Ері», «Шахтер даңқы» құрмет белгісін иеленді. Аға буын бұл жолы да Жолдауда ел өміріне өзгеріс әкелер байыпты бастамалардың боларына бек сенеді.
Ришат Әмренов, «Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» ҚБ төрағасы:
- Қарапайым мамандық иесі болып та жоғары дәрежеге жетуге болады деп ойлаймын. Биылғы 2025 жыл Президентіміздің қолдауымен жұмысшы мамандықтар жылы деп аталды. Бұл өте жақсы бастама. Біз өзіміз Екібастұз жылудан айырылғанда осы қарапайым мамандардың өте қажеттігін сездік.
Елде еңбек адамдарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Қарапайым мамандардың елордаға келуі осының айқын дәлелі. Президент те әр сөзінде жұмысшы мамандықтардың маңызына тоқталды. Сондықтан болар, отандастарымыз мемлекет басшысының үндеуін әркез асыға күтіп, ыждаһаттылықпен тыңдайды.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Айнұр Қуат, Серік Селеубайұлы