Осы аптаның басында зейнетақы жинағындағы артық ақшасын пайдалануға үмітті жұртты елең еткізген хабарлама тарады.


Қорда көрсетілетін қаржының ең төменгі жеткілікті шегі 10 пайыздан астам өсіп, азаматтардың артық ақшаны шешіп алуы одан әрі қиындады.

Мәселен, осыған дейін 30 жастағы қазақстандықтың зейнетақы қорындағы жеткілікті шегі 4,58 млн теңге болатын. Үстінен артылғанын баспана алу секілді игіліктерге жұмсай алатын. Енді 2026 жылдан бастап бұл жеткілікті шек бірден 5,12 млн теңгеге өседі.

Бұл хабарды тұнжырай қабылдағандар көп болды. Айналамызда тер төгіп жүріп, зейнетақы қорындағы ақшасының мөлшерін жеткілікті шектен енді ғана асырып қуанып жүргендердің көңіліне су себілді.

БЗЖҚ бұл өзгерістің себебін былай түсіндірген: зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, ең төменгі зейнетақы мөлшеріне, ең төменгі жалақыға, ең төменгі күнкөріс деңгейіне, сонымен қатар инфляция мен инвестициялық кірістілікке сүйене отырып есептеледі.

Бірақ осы көзқарасқа күмән көп. Бір ғана мысал, келер жылғы ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып бекітілді. Биылғымен салыстырғанда еш өзгеріс жоқ. Сөйте тұра, жеткілікті шекті өсіру жайы түсініксіз. Егер төменгі жалақы көрсеткіші өссе қабылдауға болатын еді. Өйткені ол көрсеткіш өскен жағдайда көптеген мекемелер жалақыны да өсіруге әрекет ететін.

Жалпы алдағы 2-3 жылдың шамасында зейнетақы қорындағы жеткілікті шек деген түсінік мүлде жоғалуы мүмкін. Осыған дейін өңірлердегі қылмыстық схема әшкереленіп, зейнетақы жинағын тіс емдетуге жұмсауға тыйым салынды. Жеткілікті шегі өсірілді. Енді БЗЖҚ-дағы қаражатты пластикалық операция жасауға да пайдаланылмайтынын "Отбасы банк" АҚ хабарлады.

Мамандардың пікірінше, азаматтар жаппай реконструктивті және пластикалық операция жасауға деген себеппен қордан қайта ақша ала бастаған. Яғни, тағы бір қылмыстық схеманың бастауы болуы мүмкін деп қауіптенген.

Осы тұрғыда біз болжамымызды нақтылай түсе аламыз. Келешекте зейнетақы қорындағы қаржыны тек баспана алу мақсатында жұмсау тетігі ғана қалады немесе жеткілікті шек мөлшері мүлде алынып тасталады.

Әрине, халықтың көзқарасын ескерген жөн, десек те экономикалық қыры барын да ұмытпаған абзал. Шынында зейнетақы қорындағы қаржыны шешу тетігі экономикаға қосымша салмақ түсіретінін сарапшылар талай айтты.

Мысалы, ең алғаш 2021 жылы жинақтаушы зейнетақы қорындағы "жеткілікті шектен" асқан соманы халықтың шешіп алуына мүмкіндік берілді. Бірақ қаржыгерлердің көбі бұған қарсы шыққан еді. Неге?

– Көп өтпей, 2022 жылы 20 пайыздық инфляцияға сол зейнетақы қорындағы 3,5 трлн ақшаны салымшылардың пайдаланғаны түрткі болды. Себебі мультипликациялық эффектімен ақша массасы 9 трлн теңгеге көбейіп кеткен. Сол кезде бізде ақша массасы 24 трлн еді, бір жылдың аралықта 33 трлн теңгеге бірден жетті, – дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Яғни, шешілген ақша елде ақша массасын көбейтіп, құнсыздануға алып келеді. Оның арғы жағы түсінікті, баспана бағасы, азық-түлік қымбаттап, онсыз да ауыздықталмай тұрған инфляция күшейеді. Қалай алсақ та, алғашқыда әлеуметке дем берген тетіктің зияны да байқалып, кері күшін жоюға бара жатқан секілдіміз.