Каспий теңізі жағалауынан былтыр өлген итбалық өлекселерінің қатарынан қосымша қатты ыдыраған 117 итбалықтың өлексесі табылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған фактіні Жайық-Каспий балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлері 20-21 мамыр аралығында Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласының «Асан», «Баутин көсесі», «Үрдік мүйісі» жерлеріне жүргізген рейдтік іс-шара кезінде анықтаған.

Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, итбалық денелерінің ыдырауына қарағанда, табылған итбалықтар былтыр қараша-желтоқсан айларында өлген. Бекітілген іс-шара алгоритмі бойынша барлық құзырлы мемлекеттік органдарға хабарланды. Жаңа, бұрын мониторинг жүргізілмеген жерлерден табылған итбалықтар қатты ыдырағандықтан, қандай да бір сынамалар алу мүмкін болмады.

Түпқараған ауданының Баутин ауылының әкімдігі қызметкерлері, Түпқараған ауданының полиция бөлімі және балық шаруашылығы қауымдастығының Маңғыстау облысы филиалымен теңіз жағалауынан 5 шақырым қашықтықта жатқан итбалықтардың өлекселері жиналып, полигонда санитарлық нормаларды сақтай отырып жойылды. Қазіргі таңда жағалауда мониторинг жұмыстары жалғасуда. Жалпы бүгінгі күнге былтыр қараша айынан жиналып, жойылған итбалықтар саны 2194-ке жетті,-делінген комитет мәліметінде.