Қазақстандық инженерлер Каспийге шықты — олар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы алғашқы суасты байланыс желісі өтетін теңіз түбін зерттеуді бастады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Баутин портынан арнайы жабдықпен жабдықталған кеме аттанды. Кемеде — теңіз түбінің рельефі мен топырақ құрамын зерттейтін мамандар бар. Олар сонымен қатар болжалды маршрутта кедергілер бар-жоғын анықтауда. Бұл бағыт Ақтау мен Сумгайыт қалаларының аралығында өтеді.

Осыған ұқсас жұмыстар әзербайжандық тарапта да жүргізіліп жатыр. Екі елдің теңіз түбіне кабель төсеу туралы келісімі осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын жасалған. Негізгі мақсат — Азия мен Еуропа арасындағы деректер алмасуға арналған жаңа, тікелей жол құру.

Есеп бойынша, бұл байланыс желісі секундына 400 терабитке дейін дерек тасымалдауға қабілетті болмақ. ҚР Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, құрылыс келесі жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.

– Бұған дейін Қазақстаннан шығатын интернет-трафиктің көп бөлігі өзге елдер арқылы өтетін. Каспий арқылы төселетін суасты ВОЛС (волоконды-оптикалық байланыс желісі) Азия мен Еуропа арасындағы қысқа және тікелей деректер жолын қамтамасыз етеді. Бұл арқылы еліміз деректер тасымалы саласында тәуелсіздігін арттырып, шетелдік телекоммуникациялық арналарға деген тәуелділікті азайтады. Алдағы уақытта жаңа тармақтар қосу, сондай-ақ жерүсті инфрақұрылым мен есептеу қуатын күшейту жоспарланып отыр, — деді ҚР ЦДИАӨМ басқарма басшысы Азамат Серіктаев.