«QASQA JOL» ютуб бағдарламасының бұл аптадағы қонағы өлкетанушы, тарихшы Амандық Әмірхамзин мен блогер, жиһанкез Өркен Кенжебек еліміздегі туризм салаты неге кенжелеп қалғанын, ішкі туризмді дамытуда не кедергі екенін ортаға салды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Блогер Өркен Кенжебектің айтуынша, отандық туризмді дамытуға бір Үкіметтің күші келе қоймайды. Егер жұмыла көтеріп, жан-жақтан жұмыс істелсе еліміз туризм саласында ілгерілер еді.
«Қазақстанда туризмнің дамымауының бірден-бір себебі — сыбайластық, яғни таныр-тамыстың шешіп кетуі. Біздің елде Үкімет бәрін қадағалайды, яғни өзі тапсырма береді, өзі қадағалайды, шешілмесе қайта тапсырма береді деген сияқты мәселе ғой. Ал өркениетті елдерде жағдай қалай? Дамыған елдерде мұндай тапсырмаларды коммуналдық одақтарға, сақтандыру компанияларына болмаса жергілікті басқару органдарына тапсырады. Меніңше, осылай мәселе жеңілдейді. Бізде бақылау функциялары өз жұмысын жеңілдетпесе жылдағы жанайқай қайталана береді. Бұл жерде бәсекелестік көбейіп, бәріне тең қаралса мұндай жағдайлар қайталанбайды деп ойлаймын», — деді жиһанкез Өркен Кенжебек.
Сондай-ақ, ол туризмді дамытуға мемлекет тарапынан қандай көмек, қолдау керектігін айтты.
«Елдегі туризм саласында баланс жоқ. Мәселен бізде тым қымбат қонақ үйлер мен өте арзан, мүшкіл хәлде тұрған қонақ үйлердің арасында орташа баға қалып кетті. Яғни, туризм дамыған аймақтарда «Риксос» қонақүйлері салынған, оған қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді, немесе тым арзан қонақ үйлер, дәретханасының суы ақпайды дегендей, ондай қонақүйге тоқтаған халықтың елдегі туризм саласынан көңілі қалып, шетелге қызығады. Ал өркениетті елдерді әр азаматтың қалтасы көтеретін, 3 жұлдызды, 4 жұлдызды, 5 жұлдызды дегендей қонақ үйлер салып тастаған. Сол себепті мемлекет осы тұста қара халықтың қалтасы көтеретіндей қонақ үйлер салуға ықылас танытса деген тілек», — деп қорытындылады ол.