Қазақстан – Орталық Азияда сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек қатерлі ісіктеріне қарсы ұлттық скрининг бағдарламалары бар жалғыз ел.
ELCAP бағдарламасының зерттеуші-дәрігері, АҚШ-тағы Маунт-Синай медицина мектебінің қызметкері Ақмарал Айнақұлова өкпе қатерлі ісігін скринингтен өткізу жөніндегі 48-ші Халықаралық конференцияға және өкпе қатерлі ісігін ерте анықтау мен емдеуге арналған 16-шы конференцияға қатысты. Ол "Teaching File and Diagnostic Case Review" сессиясына қатысып, "Орталық Азиядағы өкпе қатерлі ісігін скринингтен өткізу" тақырыбында баяндама жасады.
Ақмарал Айнақұлова Орталық Азия елдеріндегі өкпе қатерлі ісігінің жағдайына және скринингке дайындығына талдау жасап, Қазақстанның тәжірибесі мен жетістіктеріне ерекше назар аударды. Қазақстан – бұл аймақта сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек қатерлі ісіктеріне қарсы ұлттық скрининг бағдарламалары енгізілген жалғыз ел. Сонымен қатар, 2018 жылы өкпені төмен дозалы компьютерлік томография арқылы тексерудің пилоттық жобасы іске асырылды. Қатерлі ісікті анықтау көрсеткіші 2 пайызға (темекі шегетіндер арасында 3,5 пайыз) тең болды.
Ақмарал Айнақұлова Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Кешенді жоспары аясында 2026 жылдан бастап I-ELCAP протоколы бойынша өкпенің төмен дозалы компютерлік томография скринингінің ұлттық бағдарламасын кезең-кезеңімен енгізу жоспарлары туралы айтты. Бұл бағдарлама өкпе қатерлі ісігін ерте анықтаумен қатар, эмфизема, коронарлық артериялардың кальцинозы, остеопороз және бауыр стеатозы сияқты клиникалық маңызды басқа да жағдайларды бағалауға мүмкіндік береді.
Баяндамада өңір үшін негізгі қауіп саналатын факторлар да қарастырылды. Темекі шегудің кең таралуы, ауаның ластануы және радон деңгейінің жоғары болуы. Бұл деректер өкпе қатерлі ісігін алдын алу және ерте диагностикалау бойынша кешенді тәсілдің маңыздылығын көрсетеді.
"Біздің тәжірибеміз төмен дозалы КТ көмегімен өкпе қатерлі ісігін ерте анықтау Қазақстанда тиімді әрі іске асырылуы мүмкін екенін көрсетеді. Мәліметтер мен тәжірибе алмаса отырып, біз Орталық Азияда өкпе қатерлі ісігін ерте диагностикалау міндеттерін жақсырақ түсінуге үлес қосамыз", – деді Ақмарал Айнақұлова.
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қауымдастырылған профессоры және Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының радиолог-дәрігері ретінде Ақмарал Айнақұлова Қазақстанда скрининг және радиологиялық диагностика бағыттарын белсенді дамытып, онкологиялық ауруларды ерте анықтау бағдарламаларының тиімділігін арттыруға өз үлесін қосып келеді.