
Димаш Құдайберген әнші Садраддиннің анасына қоңырау шалып, концертіне жоғары баға берді, деп хабарлайды Kursiv.media.
Димаштың айтуынша, Алматыда өткен екі күндік концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ол шетелде жүріп, Садраддиннің өнерін тамашалаған.
«Балаңыздың аяқ алысы құтты болсын! Концертін көрдім, үзінділерін. Керемет өтіпті. Аллаға шүкір, бәріміз қуанып отырмыз. Ініміздің жетістіктері, жеңістері көп болсын! Балаңыздың жетістігіне қуанып, нұрланып тұрған жүзіңізді көріп, мен де бір әдемі күй кештім. Ұзағынан сүйіндірсін!» – деді Димаш.
Сонымен қатар, ол концерт дайындықтарымен шетелде жүрген соң, концертке келуге қолы тимегені үшін кешірім сұрады.
«Елде болғанымда, міндетті түрде барып қолдар едім. Алла қаласа, халықаралық деңгейге шығып, әлем бойынша стадиондар жинап, концерт беретін күн болсын!» – деп тілегін айтты.
Димаштың бұл әрекеті қазақстандықтарға қатты сүйсіндіріп отыр. «Димаштың көрегендігінің үлкен дәлелі, адамгершіліктің жоғары көрінісі» деп бағалағандар бар.
Айта кететін жайт, Садраддин 27 қыркүйекте Алматыдағы Орталық Стадионда концерт берген еді.
Дереккөз: Курсив · Шадияр Өстемір



