Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов хабарлады.

Блогер Жанабыловтар қазір ел аумағында, бірақ оларға қатысты әлі ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Осылайша, Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалып отыр.

– Ол материалдар бізге түсті. Қазір қылмыстық істі тіркедік. ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 1-бөлігі – заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Нәтижесін қосымша хабарлаймыз, – деді Елемесов Сенат кулуарында.

Әлеуметтік желіде бірнеше автокөлік ұтысын жариялаған қазақстандық блогерлер әрекеті Туризм және спорт министрлігінің назарына іліккен болатын. Кейін іс сотқа жетті.

Ойын бизнесін реттеу комитетінің өкілі Әбдел Балтатегі блогер Жанабылов пен келіншегінің ұтыс ойынын "лохотрон" деп атаған-ды.

5 қыркүйекте елордада блогерлерге қатысты алғашқы сот отырысы өткен еді.

Бұған дейін Жанабыловтарға қатысты әкімшілік іс қылмыстыққа ауыстырылғанын жаздық.