Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда еңбек етуге рұқсат беру құжаттарын қарау соңғы кезеңге жетті. Бұл туралы Сеулде біздің телеарнаға Оңтүстік Кореяның еңбек және жұмыспен қамту министрі Ким Ён Хун хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, Корея 17 мемлекеттің азаматтарына ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан бар. Қазақстан Үкіметі өз азаматтарын Кореяда заңды түрде жұмысқа орналастыру туралы келіссөздерді өткен жылдан бері жүргізіп келеді. Алайда Сеулде біздің елмен келісімге қол қоюға басты кедергі ретінде Қазақстаннан келуші еңбек мигранттарының көптігі аталды. Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, биылғы шілде айындағы деректерге сәйкес Оңтүстік Кореяда шамамен 11 мың 200 қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр. Осы мәселені реттеу үшін өткен айдан бастап Сеулдегі Қазақстан елшілігінде полицей атташе қызметіне кірісті.
Ким Ён Хун, Оңтүстік Корея Республикасының Еңбек және жұмыспен қамту министрі:
- Құжаттарды қарау біраз уақыт алғанының себебі тіркелмеген жұмысшылар мәселесі және екі ел арасында шешілуі тиіс басқа да жайттармен байланысты болды. Маған құжаттарды қарау қазір соңғы сатыда тұрғаны туралы баяндалды. Құжаттарды қарау аяқталғаннан кейін мен елшілікке және жауапты қызметкерімізге осы мәселелер бойынша өзара тығыз жұмыс істеуді және келесі процестерді жылдамдатуды тапсырдым.