Былтыр Жетісу облысындағы кеден бекеттері арқылы Қазақстан мен Қытай аумағына 1 млн көлік өтіп, 15 млн тоннадан астам тауар тасымалданды.

Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп. Бұл тұтас Еуропа мен Орта Азия елдеріне жөнелтілген жүк транзиттік әлеуетімізді арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс нәтижесі.

Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы алғашқы сауда-саттық осы Қорғас ауылындағы бекет арқылы жүзеге асқан. Ол кезде мұнда туристерге де, жүк тасымалдаушыларға да қолайлы жағдай жасалмаған еді. Кейін екі ел үкіметтері арасында келісім жасалып, шекаралық аймақты дамытуға бағытталған нақты шаралар қолға алынды. Соның нәтижесінде жаңа бекет ашылып, экономикалық және мәдени байланыс жаңа деңгейге көтерілді.

Жеті жылда «Нұр Жолы» кеден бекеті Орта Азиядағы ең ірі көліктік өткелге айналды. Тауар тасымалы 10 есе артып, тәулігіне екі мың жүк көлігі өтетін деңгейге жетті. Қазір саладағылар жүйеге жасанды интеллект енгізіп, тексеріс уақытын 30-дан 15 минутқа дейін азайтуға тырысып жатыр.

Серік Дәукенов, «Нұр жолы» кеден бекеті басшысының орынбасары:

- Бірінші мақсат «Кеден» ақпараттық жүйесі мен «Интеграциялық бақылау жүйесі » екеуінің арасында интеграция жасап, ақпарат алмасуды енгізу. Екінші мақсат Көліктік бақылау мен инспекциялық тексеру кешеніндегі тауарларға жасалатын сараптаманы автоматты түрде жасау, соған ұмтылып жатырмыз.

Ал «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы 2005 жылы ашылды. Содан бері бұл жер мәдени және сауда-саттық орталығына айналып келеді. Мысалы, кейінгі үш жылда еркін экономикалық аймаққа 3 млн 200 мың турист саяхаттаған.

Мирослав Ройтт, саяхатшы:

- Қазақстан аумағында жаңа нысандар салынып жатыр екен. Енді екі ел аумағына өтетін мүмкіндік болса, туристер саны артады деп ойлаймын.

Ту Хын Чин, саяхатшы:

- Қазақстан бізді қатты қызықтырады. Көрші елдің салт-дәстүрін танып, ұлттық тағамдарынан дәм татқымыз келеді. Әзірге Қорғасты тамашалап, кейін қалаларын көлікпен аралап шықсам деймін.

Қорғаста құны 258 млрд теңге болатын 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін соның сегізі іске қосылған.

Дамир Қадыр, «Қорғас» ШЫХО басқарушы компания төрағасының орынбасары:

- Біз орталықты тәулік бойы жұмыс істейтіндей етуді және Қазақстан мен Қытай азаматтары екі жаққа да өте алатындай етуді ұсынып отырмыз. Сонымен қатар «Нұр жолының» жүктемесін азайтып, тауар тасымалдайтын көліктердің бір бөлігін «Қорғас» арқылы өткізгіміз келеді.

Жыл басынан бері өңірдегі кеден бекеттерінен 650 мың техника өтіп, 9 млн тонна тауар тасымалданды. Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға енді «Достық-Мойынты» бағытында ашылған жаңа темір жол желісі де зор ықпал етпек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов