Тұрғындарды алаяқтардың айла-амалынан сақтау мақсатында Павлодар қаласы ПБ Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері саяжайлық аумақта түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бұл жерде алаяқтардың басты "нысанасына" айналатындар – зейнеткерлер, сенгіш әрі технологияны жетік білмейтін адамдар.

Полиция өз тәжірибесінен нақты мысалдар келтірді:

  • "Банк қызметкері" болып қоңырау шалған алаяқ зейнеткерді 900 000 теңгеге алдаған;
  • "Салық қызметі" атынан хабарласқан жалған тұлғалар банк картасының деректерін алған;
  • Kaspi мен eGov сайттарына ұқсас жалған парақшалар арқылы деректер ұрланған.

Тұрғындарға алаяқтық қоңырауларға, хабарламаларға және түсетін аударымдарға қалай әрекет ету керектігі көрсетілген жадынамалар таратылды. –

"Адамдар белгісіз нөмірлерден келген СМС-терді ашып, сілтемелерге оп-оңай өтеді. Біздің мақсат — әр адам интернет-алаяқтар үнсіз әрекет етсе де, соққысы ауыр болатынын түсінсе екен дейміз", – деді Павлодар қаласы ПБ Оңтүстік полиция бөлімі бастығының орынбасары Алтынбек Медияров.

Оңтүстік полиция бөлімінің қызмет көрсету аймағында жарты жылдың ішінде 247 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Бұл – тек ресми өтініштер бойынша тіркелген жағдайлар.

Полиция азаматтарды абай болуға, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге және кез келген ақпаратты бірнеше рет тексеруге шақырады.