Қазақстанның «Robotek Grand Tournament » чемпионаты Бакуде таныстырылды.

Бакуде өткен роботтар шайқасы мен дрон жарыстары дәстүрлі түрде ең көп қатысушыларды, көрермендерді және камераларды жинады. Әзербайжанның «AREA» инженерлік академиясы ұйымдастырған Technoxian Azerbaijan басты жарысына елдің барлық өңірінен 120-дан астам мектеп және ЖОО командасы қатысты.

World Robotics Championship ұлттық финалы елдегі STEM-білім беру мен робототехниканың жоғары стандарттарын дәлелдеді. Әлемдік олимпиадалардағы беделді жеңістер Әзірбайжанның техникалық шығармашылық жүйесінің табысты екенін көрсетеді.

– Халықаралық жарыстарда біз барлық географиялық шекаралардың жойылып келе жатқанын, ал цифрлық әлемде ауқымды әріптестіксіз сұранысқа ие болу мүмкін еместігін түсіндік. Сондықтан біз жаңа олимпиадалар мен олардың бірегей мазмұнын әзірлеумен айналысып жатырмыз. Біздің келесі ұлттық жобамыз – атауынан-ақ халықаралық мәртебесі көрініп тұрған «Caspian Cup» ашық чемпионаты. Қазақстандық серіктестеріміз бен достарымыз Бакуге алғашқылардың бірі болып келеді деп үміттенеміз, – деді «AREA» инженерлік академиясының бас директоры Рахман Расулзаде.

Он жылдан астам уақыт бұрын Әзірбайжан робототехниканы дамыту жөніндегі жаһандық марафонға қосылды. Оның айқын дәлелі – World Robot Olympiad байқауындағы жүйелі жетістіктер мен ұлттық чемпионаттардың құрылуы. Бұрын бар болғаны жиырма команда қатысса, бүгінде көптеген клубтар мен мектептер табысты жұмыс істеп жатыр. Technoxian Azerbaijan жобасын үш министрлік бірден қолдады: Жастар және спорт министрлігі, Цифрлық даму және көлік министрлігі, сондай-ақ Инновациялар мен цифрлық дамуды қолдау агенттігі (IDDA).

Мамыр айында Әзірбайжан делегациясы Астанада өткен «Robotek Grand Tournament» халықаралық чемпионатында жұмыс істеді.

– Қазақстандық достарымызбен біз алғаш рет WRO жарысында таныстық. Германия, Панама, Түркиядағы әлемдік финалдарда бір-бірімізге қолдау көрсеттік. «Robotek Grand Tournament» халықаралық чемпионаты бізді ерекше қызықтырды, себебі оның барлық ережелері – авторлық, – деп еске алды LITER-ге берген сұхбатында Әзірбайжан Республикасындағы World Robot Olympiad-тың ұлттық үйлестірушісі Кенан Каримов.

– Астана бізге шын мәнінде ерекше әсер сыйлады. Біріншіден, біз жаңа астанаға таңғалдық. Бұл – елдің қысқа уақыт ішінде салып шыққан керемет мегаполисі. Екіншіден, біздің делегация Қазақстанда робототехниканың қарқынды дамып жатқанын өз көзімен көрді. «Robotek Grand Tournament» – елдің нағыз IT-бренді. Біз бұл чемпионаттың клубтық деңгейден беделді халықаралық деңгейге дейін өскенін жақсы білеміз.

Бүгінде Астанадағы «Robotek» мектебі отандық интеллектуалдық технологияларды әлемдік робототехникаға сәтті кіріктіруде. Панамада екі жыл бұрын World Robot Olympiad аясында қол қойылған барлық ынтымақтастық меморандумдары іске асып жатыр.

2025 жылы «Robotek Grand Tournament» халықаралық ауқымын кеңейтуді жалғастырды. Отандық чемпионатта алғаш рет АҚШ, Болгария, Әзірбайжан, Молдова, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің үздік командалары қатысты – жарысқа барлығы 25-тен астам шетелдік делегация жиналды. Robotek Grand Tournament аясында қазақ шаңырағының астында түркітілдес елдердің үздік робототехниктері бас қосты.

– «TurkTime!» жаһандық бастамасы аясында түркітілдес елдердің үздік командаларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Олар — Әзірбайжанның «AREA»инженерлік академиясы, Шолпан-Атадағы президенттік «Ақылман» лицейі, Тоқмақтағы халықаралық «Seytek STEM» кешені, Ташкент пен Шыршықтағы «SteamLand» және «Roboschool» білім беру орталықтары, сондай-ақ Худжандтағы жаңашыл «Джавони» лицейі мен Душанбедегі «Роботтар лигасы», – деді «Robotek» мектебінің бас директоры Санжар Шалқарбеков.

– Бакуде біз түркі интеграциясының келесі кезеңдерін талқыладық: «Robotek Grand Tournament» чемпионатын кеңейту жоспарын белгіледік – оның авторлық ережелері әзербайжандық тарап пен өзге қатысушыларға үлкен қызығушылық тудырды. Сонымен қатар қазақстандық командалардың «Caspian Cup» турниріне қатысуын нақтыладық, бірнеше жаңа елдік жобалардың бағытын белгіледік.

Әлемдік робототехниканың ғаламдық құрылымы дәл қазір, әр елде, күн сайын өзгеріп жатыр. Өңірлік, ұлттық және халықаралық чемпионаттар ең үздік жас дарындарды біріктіріп келеді.

Мира Алипинова,

Қазақ үні