Ұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарына жөндеу және техникалық қызмет көрсету бойынша еліміздегі жалғыз отандық кәсіпорын жабылу алдында тұр. Кәсіпорын қызметкерлері мен кәсіби қауымдастықтың өтініштері негізінде «Қазақстан авиациялық индустриясы» ЖШС-не Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері барды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

«Қазақстан авиациялық индустриясы» ЖШС – еліміздегі жалғыз авиациялық-техникалық орталық, 2024 жылдың ақпан айынан бастап ауыр дағдарыста тұр. Қызметкерлердің 85 пайыздан астамы жалақы алмай отыр. Кәсіпорыннан шетелде оқып, даярлықтан өткен білікті мамандар кетіп жатыр.

Шоттары мен мүлкі бұғатталып, өндірістік қызмет толық тоқтаған. Ангарда тұрған алты ұшақ бесінші жыл қатарынан қаңтарылып, пайдаланылмай тұр.

Қызметкерлер мен кәсіби қауымдастықтың өтініштері бойынша, 1 шілде күні кәсіпорынға Мәжіліс депутаттары барды. Депутаттар кәсіпорын ұжымымен кездесу өткізіп, өндірістік нысандарды аралап көріп, мамандардың пікірін тыңдады.

Мемлекет басшысы өндірістік әлеуетті күшейту, шағын авиацияны дамыту және отандық кәсіпорындарды қолдау қажеттігін нақты айтты. Мұнда осы міндеттерді орындауға барлық мүмкіндік бар. Бірақ бүгінде зауыт жұмыс істемей тұр. Зауыттың жұмыс істеуге толық мүмкіндігі бар, бірақ тығырыққа тіреліп отыр. Тапсырыстың болмауы, шоттар мен мүліктің бұғатталуы, жер даулары, уақытында өтелмеген қарыздар, яғни, ұйымдастырушылық қарапайым ережелердің жоқтығы әсер етуде. Қазақстандық техниканы көкке көтере алатын, елдің қорғаныс әлеуетін күшейте алатын кәсіпорынның салғырттықтың кесірінен жабылып қалуына жол бермейміз. Біз бұл мәселені Парламентте бірнеше рет көтердік, енді нақты мерзімі мен жауапкершілігі көрсетілген шешімдердің қабылдануын қадағалаймыз, – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Павел Казанцев.

«Қазақстан авиациялық индустриясы» ЖШС бас директоры Қайрат Жаухановтың айтуынша, зауыт жылына онға дейін күрделі жөндеу жұмыстарын орындауға қауқарлы екенін іс жүзінде дәлелдеген. Алайда бұрын орындалған тапсырыстар бойынша есеп айырысу болмаса, жаңа келісімшарттар келіп түспесе және кәсіпорын шоттары үнемі бұғатталып отырса, ең заманауи инфрақұрылымның өзі бос тұрған ангарға айналып қалады.

Біз жеңілдіктер сұрап отырған жоқпыз. Бізге тек жұмыс істеуге мүмкіндік қажет. Осы зауытта жылдар бойы мемлекет даярлаған мамандар жиналған. Мұнда қажетті құрал-жабдық та бар, білікті кадрлар да, өндірістік байланыс та бар. Бүгінге дейін жүзден астам маманнан қол үзіп қалдық. Егер жағдай өзгермесе – зауыттан да айырылып қаламыз. Ал зауытпен бірге, Қазақстан авиация өнеркәсібінің негізіне айнала алатын әлеуетті де жоғалтамыз, – деді депутат.

Атап айтқанда, 2024 жылдың қаңтарынан бері бүгінгі күнге дейін кәсіпорынды 164 қызметкер тастап кеткен, олардың 76-сы – шетелдік авиакомпанияларда даярлықтан өткен жоғары білікті өндірістік мамандар. Соған қарамастан, зауыт маңызды міндеттерді орындауын жалғастырып жатыр. 2024 жылы Қорғаныс министрлігіне 13 авиациялық қозғалтқыш тапсырылды. Былтыр жөндеуден кейін Польшадан бір ұшақ қайтарылды. Ал екінші ұшақ шетелде қалды. Себебі кәсіпорын оны елге жеткізуге қажетті төлемді жасай алмай отыр.

Қазіргі уақытта депутаттар қаржыландыру көздерін іздеумен айналысып, мемлекеттік тапсырыс тетіктерін және кәсіпорынның өндірістік базасын қорғау жолдарын талқылап жатыр. Аталған мәселе бойынша депутаттық сауалдар жолдалып, барлық мүдделі тараптың қатысуымен «AMANAT» партиясының алаңында тақырыптық талқылаулар өткізу жоспарланған.