Ақтөбе облысында 13 қазанда Уил орта мектебінің 9-сынып оқушысы, 14 жастағы қыз бала босанды. Күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазіргі уақытта ол медициналық мекемеде жатыр. Белгілі болғандай, оқушы дәрігерлерге үш рет жүгінген: алғаш рет 13 наурыз бен 18 наурыз аралығында аудандық ауруханаға барған. Кейін 25 мамырда жазғы лагерьге бару үшін және 10 қыркүйекте ата-анасымен бірге тексеруден өткен.
«Ерте жүктіліктің белгілері анықталған жоқ. Кәмелетке толмаған қызға қатысты өзге ақпарат уәкілетті органдардың құзырында және жариялауға жатпайды», – деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Ляззат Асабаева.
Полицияның хабарлауынша, қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, қамауға алынған. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
«Тергеу мен процессуалдық іс-шаралардың кешені жүргізіліп жатыр. Тергеудің барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», – деді Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Құшқалиев.