Батыс Қазақстан облысында «Жайық жастары» деп аталатын тұрғын үй бағдарламасы жалғасып жатыр.

Былтыр соның аясында 40-тан аса жанұя баспаналы болса, биыл 65 отбасы қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 90 жанұяның арманы орындалмақ. Бұл мақсатқа 3 жарым миллиард теңге бөлінген.

Торғын Иманбаева үш баланың анасы. Мектепте сабақ береді. Ұстаздың айтуынша, 10 жылдай баспанасыз жүрген. Былтыр бағдарлама басталғанда бірінші болып өтінім берген. Қазір үш бөлмелі пәтердің иесі атанды.

Торғын Иманбаева, қала тұрғыны:

- Енді басқа банктерге қарағанда «Орал жастарының» пайызы өте аз, 5 пайызбен алдық. Басқа банктер бірге бір қосады ғой, білесіздер өздеріңіз. Бағдарламаға қатысқаныма және осы үйді алғаныма өте қуаныштымын.

«Жайық жастары» бағдарламасы бойынша былтыр 41, биыл 65 отбасы баспаналы болды. Жас жанұялардың сұранысы ескеріліп, бағдарлама жалғасын тапты. Қосымша бір жарым млрд-тан астам теңге бөлінді.

Нұржан Қалишанов, «Отбасы банк» АҚ БҚОФ директоры:

- Үшінші транш бөлінді. Оның ішінде 1 млрд 323 млн теңгеміз облыс әкімдігі тарапынан жергілікті бюджеттен бөлінген болса, «Отбасы банк» тарапынан да қосымша 331 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл дегеніңіз бағдарламаға қатысатын, тұрғын үй займын алатын адамдардың ауқымын көбейту мақсатында осындай қосымша қаражат бөлініп отыр.

Бағдарламаға мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін жасы 21 мен 35 аралығындағы тұрғындар қатыса алады. Биылғы жұмысшы мамандықтар жылына орай коммуналдық кәсіпорын өкілдері де осы тізімге қосылды. Өтінімдер қазан айының 20-31 арасында сайт арқылы электронды түрде қабылданады. Пәтер құны 18 млн теңгеден аспауы тиіс. Бастапқы жарна 10%. Несие 5 пайызбен 19 жылға беріледі.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап