Сарашылар Қазақстанда ислам банкингі бірте-бірте, адымдап дамып келе жатқанын айтты.

Қазақстанда ислам қаржысының қолданысқа енгізіле бастағанына 15 жылдай уақыт өтсе де, бұл тақырыпта әлі де жаңсақ тұжырымдар мен керітартпа пікірлер көп. Дегенмен, сала бірте-бірте дамып, қанатын кеңге жайып келеді. Республикалық мешіт ұстазы, АХҚО Шариғат кеңесшісі Мақсатбек Қайырғалиев пен ислам қаржысы бойынша сарапшы, Шариғат кеңесшісі Әділбек Рысқұлов Zaman Bank ұйымдастырған семинар арысында ислам қаржысына қатысты ең кең таралған мифтер мен неге оларға сенуге болмайтынын айтып берді.

Сарапшылар бірінші кезекте ең жиі айтылатын миф – "Ислам қаржысы тегін" деген тұжырымды жоққа шығарды.

"Көп адам ислам қаржысымен айналысатын банкке дәл осы "тегін" деген қате сөзге сеніп келеді. Бірақ, бұл да бизнестің бір түрі. Банк өзінің инвесторлары, яғни салымшыларының қаражаты есебінен қызмет етеді. Сәйкесінше, ол табыс табуы керек, әрі салымшыларының алдындағы міндеттерін орындауы тиіс. Яғни, тегін ештеңе жоқ. Міне, банктен осында түсіндірме алғаннан кейін олар екінші миф – "өзге банктен еш айырмасы жоқ" дегенді шығарады. Ол да шындыққа жанаспайды. Ислам банкингінің өзіндік шарттары бар және олар үйреншікті қаржы саласынан мүлде бөлек", – деп түсіндірді Әділбек Рысқұлов.

Сондай-ақ, пайыз бен несие мәселесінде де адамдар арасында түсініспеушіліктер көп. Сарапшылардың айтуынша, ислам қаржысында пайыз бен несие қолданылады. Бірақ, шариғатқа сай жолдармен.

"Шариғат рибаға, яғни өсімқорлыққа тыйым салады. Ол – өте үлкен күнә. Бірақ, пайыз бен несиенің кез-келген түрін риба деп түсіну – жаңсақтық. Риба араб тілінен аударғанда "өсім", "артықтық" деген мағына береді. Ол – қарыз немесе айырбасқа үстеме қосу деген сөз. Ал ислам қаржысы саласында өзге келісімдерге құрылатын заңды формалар бар. Мысалы, мурабаха – сауда келісімі болса, иджара – жалға беру немесе лизингтік келісім, ал мудараба – серіктестік келісім болып табылады. Бұлар да – несиелеу тәсілі, бірақ шариғат талаптарына қайшы емес", – деп түсіндірді сарапшы.

Әділбек Рысқұлов "ислам банктері қарызды кешіреді" деген қате пікірдің де негізі жоқтығын алға тартты.

"Керісінше, Исламда қарызға қатты қаралады. Мұсылман жанның жаназасында имам басқа ештеңені де емес, жамағаттан оның біреуде қарызы бар-жоғын сұрайды. Осыдан-ақ, қарыз мәселесі – ең негізгі де жауапты сұрақ екенін біле беруге болады", – деді ол.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда әзірге ислам банктері немесе банктердің ислам қаржысына маманданған бөлімдері өте шағын. Ауқымы шағын болғандықтан, көптеген қызмет түрлері де қымбат екенін алға тартты.

Дегенмен, соңғы уақытта ислам қаржысына маманданып келе жатқан ұйымдар көбейіп келеді. Бұл жетістіктер семинарда Zaman банкінің мысалында қаралды. Ол – қаржыны түсінікті және әділ ететін, баршаға арналған цифрлық ислам банкі. Банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясымен жұмыс істейді, ал оның барлық өнімдері Шариғат кеңесімен сертификатталған.

Семинарда басқарма төрайымы Гүлфайруз Асаева ислам қаржысы бойынша AI-ассистенті мен алғашқы виртуалды инфлюенсерді таныстырды. Ол да Zaman деп аталады.

"Zaman виртуалды инфлюенсерін құру идеясы исламдық қаржы туралы білімді кең аудиторияға жақын әрі түсінікті ету қажеттілігінен туды. Біз оны үнемі жетілдіріп, оқытып отырамыз, сондықтан Zaman уақыт өткен сайын дәлірек, пайдалы әрі адамдардың сұрақтарына сезімтал бола түседі. Zaman жасанды интеллект ассистентімен сөйлесе отырып, пайдаланушылар банк туралы көбірек мағлұмат алады, сапалы ақпарат пен түсінікке ие болады және олардың әрқашан "сенім артатын тұлғасы" – қағидаттарды түсіндіріп, күмәнді сейілтіп, кез келген сұраққа жауап беретін сарапшы бар екенін сезінеді. Zaman құндылықтарды, сараптаманы және технологиялылықты біріктіретін цифрлық көпірге айналды", – деді Гүлфайруз Асаева.


Оқи отырыңыз:

  • Қазақстан ислам қаржысын дамыту бойынша әлемде 19-орынды иеленді
  • Қазақстандағы сукук: Халал инвестиция дегеніміз не және ол қалай жұмыс істейді