Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің кезекті отырысы елімізде қырқүйектің 17-18 аралығында өтеді.
Форумда — қасиетті орындарды қорғау, климат өзгерісі, экология және адам құқықтары сияқты өзекті тақырыптар қозғалады. Осыған орай Ислам зерттеулер институтының бас директоры Мұхаммед Зия Уль-Хақ Елордада өтетін жиынның маңыздылығын атап өтті.
Мұхаммед Зия уль-хақ, Исламабадтағы халықаралық Ислам университеті Ислам зерттеулер институтының бас директоры:
- Конгрестің басты міндеті — жаһандық мәселелерді шешуде дін тұрғысынан көзқарас қалыптастыру. Астанада өтетін форум түрлі конфессия өкілдері жиналатын әлемдік алаңға айналады. Әдетте өзге жерде диалог жүргізуге дайын емес тараптар Қазақстанның қонақжайлығы арқасында бас қоспақ. Бұл Қазақстанның бейбітшілікке қосқан зор үлесі дер едім. Өйткені дәл осындай кездесулер ғана келіспеушіліктерді диалогқа ұластырып, адамзаттың болашағы үшін ортақ шешім табуға жол ашады.