Қатысушылар ақша тігіп, жеңгені жүлде алса, құмарға жатады. Ал Исламда оған тыйым салынған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі киберспортқа қатысты өз пәтуасын шығарды.

Ғұламалардың айтуынша, шариғатта тыйым салынған дүниелер қамтылмаса ойын ойнауға, көңіл көтеруге болады. Ал электрондық, компьютерлік ойындарды (киберспорт) ойнаған жағдайда мынадай шарттар сақталуы тиіс:

  • Құлшылыққа кедергі болмауы, ислам сеніміне қайшы келмеуі;
  • Адамның психикасы мен болмысына зиян келтірмеуі және өмірлік қажеттіліктеріне (мысалы, білім алуына, кәсіп етуіне кедергі болып, отбасылық құқықтарынан айырылып қалмауы) тосқауыл болмауы;
  • Құмар араласпауы және құмарлық сипаттағы ойын болмауы.
  • Азғындыққа, моральдық құндылықтардан алыстатуға итермелейтін ойын болмауы;
  • Балағат, боғауыз сөзден аулақ болуы қажет.

"Киберспорт құлшылыққа, өмірлік қажеттілікке (білім алуына, еңбек етуіне, отбасылық міндеттеріне) кедергі келтірмесе, психика мен болмысқа зиян тигізбесе, құмар т.б. шариғатқа қайшы элементтерді қамтымаса – рұқсат. Жүлделі киберспортта ұтысты демеуші не басқа бір тарап қоюы тиіс. Қатысушылар ақша тігіп, жеңгені жүлде алса, құмарға жатады. Шариғатта құмар ойындарға тыйым салынады", – делінген ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің үкімінде.


Оқи отырыңыз:

  • ҚМДБ Ғұламалар кеңесі коллагенді қолдануға қатысты үкім шығарды
  • ҚМДБ 2026 жылғы діни күндер кестесін бекітті. Ораза 19 ақпаннан басталады