Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асырып келеді.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, жас ұрпақ – Қазақстанды жаңғыртудың басты қозғаушы күші әрі Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформалардың белсенді қатысушысы болуы тиіс. Бүгінде еліміздегі жастар саны республика халқының шамамен үштен бірін құрайды – 5 817 339 адам.
Осыған байланысты мемлекеттің негізгі міндеті – жастардың білім алуына, еңбекке араласуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, шығармашылық әлеуетін дамытуына және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына қажетті жағдай жасау.
Талантты жастарды қолдаудың маңызды тетігі ретінде Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты енгізілді. Бұл грантқа 123 жас қазақстандық ие болды, жалпы қаржы көлемі 369 миллион теңгені құрады.
Аталған бастама өңірлер тарапынан да қолдау тауып, 2024 жылы 308 миллион теңге сомасына 216 өңірлік грант берілді. Қаражат бизнес, мәдениет, спорт, ақпараттық технологиялар, волонтёрлік және ғылым саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.
2022 жылы сайлау партиялық тізімдерінде және депутаттық мандаттарды бөлу барысында әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота енгізілді.
2023 жылы Қазақстанда жастар жасына қатысты шекті межелер ресми түрде қайта қаралып, 14-тен 35 жасқа дейінгі аралық ретінде белгіленді. Осы өзгеріс жастарға мемлекеттік қолдаудың жеңілдіктеріне кеңірек қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Жастар саясаты саласындағы маңызды оқиғалардың бірі – 2023–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының Мемлекет басшысы тарапынан бекітілуі болды. Бұл құжат – жастармен жұмыстың стратегиялық басымдықтары мен жаңа тәсілдерін айқындаған жүйелі бағдарлама.
Тұжырымдаманың басты қағидасы – «жастар үшін емес, жастармен бірге». Яғни, жастар енді мемлекеттің қамқорлық нысаны ғана емес, шешім қабылдау үдерісіне тікелей қатысатын серіктеске айналды. Олар өзекті мәселелерді белгілеп, басымдықтарды айқындап, мемлекеттік саясатты қалыптастыруға тікелей атсалысады.
Бұл тәсілдің тиімділігін Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес пен Президенттік жастар кадрлық резерві дәлелдеп отыр. Аталған бастамалар жас басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта резервке алынған қатысушылардың 80 пайызы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жемісті еңбек етуде.
Бүгінде өңірлер бұл тәжірибені белсенді түрде енгізіп жатыр. Облыстарда жастар кеңестері құрылып, кейбір аймақтарда жергілікті жастар кадрлық резервтері жасақталды.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау да жастар саясатының басым бағыттары. Соңғы үш жылда мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде жас кәсіпкерлердің саны 12,1%-ға артты.
Соңғы бес жыл ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 0,8%-ға төмендеп, қазіргі таңда 3,1%-ды құрайды. Бұл – өңірдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Салыстыру үшін айтсақ, көршілес Ресейде бұл көрсеткіш 7%-дан жоғары, ал Өзбекстанда 10%-дан асады.
Жастардың жұмыс табуына және кәсіби дағдыларды меңгеруіне жәрдемдесу мақсатында «Joltap», «Jumystap», «Mansap Compass» және «Skills Enbek» бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесе отырып, жастар ресурстық орталықтары (ЖРО) тек 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде 205-тен астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Бұл формат жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендетудің ең тиімді құралдарының бірі болып қала береді.
Сонымен қатар, 2025 жылдың екінші тоқсанында жастар ресурстық орталықтары 265 мыңнан астам жеке кеңес беріп, олардың басым бөлігі жұмыспен қамту мәселелеріне арналды. Консультациялардың елеулі бөлігі ауылдық жерлердегі және NEET санатындағы жастарға (NEET – білім алмайтын, жұмыс істемейтін және кәсіптік даярлықтан өтпейтін 15-24 жас аралығындағы жас азаматтар) бағытталды.
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 220,6 мың жас қатысты, олардың ішінде 44,5 мыңын ауыл жастары құрады. Айта кетерлігі, 62,4 мың жас тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар жастар «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға белсенді түрде қатысып жатыр.
Дарынды жастарды анықтау және қолдау мақсатында Қазақстанда жыл сайын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, сондай-ақ жас жазушыларға, ақындарға және айтыскерлерге арналған арнайы марапаттар табысталады. Жастардың құндылықтық бағдарларын қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылады. Осы бағыттағы стратегиялық бағдарды Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамалары айқындайды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастаманы іске асыруда «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары маңызды рөл атқарып отыр. Биыл маусымдық жұмыспен 35,1 мың жас қамтылды, бұл жоспарланған көрсеткіштен 17%-ға артық. Оның ішінде 39,3%-ын ауыл жастары құрайды.
Жастардың денсаулығы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі. Биыл жыл басынан бері «Жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу» атты ұзақ мерзімді гранттық жоба іске асырылып келеді. Жоба аясында өңірлерде 20 фронт-офис және Астана қаласында республикалық фронт-офис құрылды.
Сонымен қатар «MERGEN» жүйесінің көмегімен есірткіге қатысты заңсыз контенті бар 5 мыңнан астам интернет-ресурс анықталып, бұғатталды.
Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік саясат елдің 17 өңірінде жүзеге асырылып жатқан өңірлік ипотекалық бағдарламаларды дамытуға негізделген. Сонымен қатар «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары да жалғасын табуда, олардың қатысушыларының 60 пайыздан астамын жастар құрайды.
Жалпы алғанда, Тұжырымдаманы іске асырудың аралық нәтижелері жастарды қолдау жүйесінің кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын көрсетеді. Елде жастардың негізгі қажеттіліктерін – білім алу, жұмыспен қамту, тұрғын үйге қол жеткізу және қоғамдық өмірге белсенді араласу мүмкіндіктерін қамтитын жаңартылған кешенді экожүйе біртіндеп қалыптасуда.