Қарағанды қаласында студенттік жастарға арналған ең ауқымды әрі маңызды жобалардың бірі – Qaragandy Student Fest 2025 жарқын да мазмұнды түрде аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Фестиваль қаланың ең шығармашыл, белсенді және талантты жоғары оқу орындарын біріктіріп, Қарағандыны студенттік өнердің, энергия мен тың идеялардың орталығына айналдырды.
Фестивальдің ашылуы нағыз мәдени оқиғаға айналды. Әрбір жоғары оқу орны өзіне тән стильді, мінезді және шығармашылық болмысты айқындайтын жеке концерттік номер ұсынды.
Сахна студенттік жастар мен кәсіби әртістердің жарқын өнері тоғысқан, үлкен деңгейдегі шоу алаңына айналды.
Ашылу салтанатына Қазақстан эстрадасының жұлдыздары – Dakelot, Zhenis және Қайрат Нұртас арнайы қатысып, фестиваль қонақтары мен қатысушыларына ерекше серпін сыйлады. Олардың өнер көрсетуі жастар бастамаларын қолдаудың маңызын айқындап, іс-шараның деңгейін одан әрі көтерді.
Музыка, жарық, креативті қойылымдар фестивальге қуатты бастау беріп, келесі байқау күндерінің жоғары динамикасын айқындады.
Екі күн бойы қатысушылар вокалдық шеберлігін, би техникасын, аспаптық орындау деңгейін, сахналық сөйлеу мәдениетін және креативті ойлау қабілеттерін көрсетті.
Әр номинация студенттердің өз әлеуетін ашатын алаңға айналып, қазылар алқасы университет командаларының дайындық деңгейі мен орындау сапасын жоғары бағалады.
Фестиваль Қарағанды студенттерінің кәсіби сахналар мен республикалық деңгейге лайық контент жасай алатынын айқын дәлелдеді.
Фестивальдің жабылу рәсімі де ерекше әсерге толы өтті. Қатысушылардың толқынысы, шынайы эмоциялар және жеңімпаздарды жариялау сәті есте қаларлық болды. Ұйымдастырушылар әрбір жоғары оқу орны студенттік шығармашылықты дамытуға өзіндік үлес қосқанын, ал орындау деңгейінің өте жоғары болғанын атап өтті.
Халық хореографиясы аталымында Қарағанды медицина университетінің «Қаракөз» шығыс халық биі ансамблі 1 орын алса, Заманауи хореография бойынша Қарағанды медицина университетінің «New Wave» заманауи би студиясы жеңімпаз атанды.
Аспаптық орындаушылық (соло) бойынша Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті студенті Арман Кәкім, Аспаптық орындаушылық (ансамбль) бойынша Қарағанды медицина университеті «Zhiger» қазақ ұлттық аспаптар ансамблі, Халық вокалы бойынша «Bolashaq» академиясы студенті Айымжан Маралқызы, Эстрадалық вокал бойынша Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті студенті Ансат Сманов, Конферансье бойынша Қарағанды медицина университеті студенттері Шапағат Құрманғазы мен Сапархан Әбдіғали, «StopНаркомания» бейнероликтері бойынша Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті Креативті студенттер лигасы топ жарды.
Қатысушылар жүлделер мен дипломдардан бөлек, баға жетпес сахналық тәжірибе, жаңа таныстықтар мен алдағы жетістіктерге мотивация алды.
Ұйымдастырушылар, серіктестер мен оқытушылар фестивальді жоғары деңгейде өткізуге қосқан үлесі үшін алғысқа ие болды, ал қала тұрғындары іс-шараның ауқымы мен сапасын жоғары бағалады.