Анкарада алғаш рет қазақ пен түрік жастары зияткерлік сайыста кездесті.

Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған ой додасында қатысушылар Алаш қозғалысынан бастап қазақ әдебиеті мен тарихы бойынша білімдерін ортаға салды.

Бауыржан Момышұлының тегеурінді дауысы көп қазаққа жақсы таныс. Ал сайысқа қатысқан кей түрік жастары үшін бұл – жаңа есім. Соған қарамастан интеллектуалды ойында қатысушылар тарихи тұлғалардың дауысын дәл тауып, сұрақтарға сүрінбей жауап берді. Сайыста Қазақстанның Тәуелсіздігі, Алаш қозғалысының тарихы, қазақ халқының өткені мен бүгіні қамтылды.

Жантөре Бектасов, «Анкара қазақ жастары бірлігі» ұйымының төрағасы:

- Біздің басты шарт әр командада бір түріктен болады. Яғни бұл дегеніміз қазақтардың және түріктердің мәдениетін өзімізге және басқа ұлттарға да таныту. Яғни екі мемлекеттер арасында бір байланыс құру сияқты. Бұл куиз тек бір қызықтыру жағынан емес, Тәуелсіздігімізді таныту болады.

Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Тест, аудио және бейнесұрақтар арқылы командалардың білімі мен топпен жұмыс істеу қабілеті сараланды. Ой додасына Қазақстан тарихын зерттеп жүрген профессорлар қазылық етті.

Конуралп Ержиласун, тарихшы, профессор:

- 16 желтоқсан – қазақ халқы үшін айрықша маңызға ие. Осы тарихи кезеңді жас буынға таныту мақсатында «Көкту» және «Анкара қазақ жастары» ұйымы ерекше сайыс ұйымдастырды. Қазылар алқасының мүшесі ретінде жастардың білім деңгейі мен ой ұшқырлығына тәнті болдым. Сайыс мазмұнды әрі тартысты өтті.

Білім бәйгесінде 25 ұпаймен алға шыққан «Жәдидшілер» тобы жеңімпаз атанды. Команда мүшелері ойынға тыңғылықты дайындықпен келгенін айтады.

Осман Шахин, Анкара Қажы Байрам Вели университетінің магистранты:

- Қиын сұрақтар да болды. Қобалжыдық, қиналдық. Бірақ жақсы дайындалдық. Бүгін сол еңбегіміздің нәтижесін көрдік деп ойлаймын.

«Жәдидшілер» атауы да кездейсоқ таңдалмаған. Бұл команданың тарихи сананы алдыңғы орынға қойғанын аңғартады.

Бекзат Бекболат, Анкара университетінің магистранты:

- 20 ғасырдың басында бүкіл түркі әлемінде басталған жәдидшілік, яғни жаңашылдық қозғалысына сый-құрметіміз болсын деп атауымызды «Жәдидшілер» деп қойдық.

Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы табысталды. Бірінші орынға 5 мың лира, біздіңше 60 мың теңге, екінші орынға 35 мың, ал үшінші орынға 25 мың теңге көлемінде жүлде берілді. Енді ұйымдастырушылар мұндай білім жарысын Түркияның өзге қалаларында өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Ә. Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков