Әлем халқының шамамен 40%-ы спортпен шұғылданады. Бірі кәсіби түрде, енді бірі әуесқой спортшылар . Олардың өмірін сақтандыру нарығы Қазақстанда қалай дамып жатыр? Міндетті және ерікті сақтандыру деген не?
Аягөзден шыққан жас дзюдошы Мейірлан Максим жуырда Мажарстанда өткен Әлем чемпионатына қатысты. Балуанымыз үшінші айналымда жарақат алып, әлі күнге емделіп жүр. Барлық шығынды мемлекет мойнына алған.
Мейірлан Максим, дзюдодан Ұлттық құрама мүшесі:
Біз бірден билет алып елге қайтып кеттік. Қазақстанға келіп, жарақат алғанымызға көз жеткіздік. Енді қазір Федерацияның талабымен ота істетуге кетіп бара жатырмын. Осы жарақатыма байланысты шығынды мемлекет өз мойнына алды.
Дзюдодан Ұлттық құрама дәрігерінің айтуынша, 5 айда 7 спортшы ауыр жарақат алып, операцияға жүгінген. Себебі белдесуде қауіп пен қатер қатар жүреді. Спортшылардың көбі сіңірін созып, бұлшықетін жарақаттап алады екен.
Айдос Ниязбеков, дзюдодан Ұлттық құраманың спорттық медицина және реабилитация дәрігері:
Сақтандыру жақсы болғанымен, қызметтерін толыққанды алу қиын. Әрине, сақтандырумен барған дұрыс. Өйткені ол жақта медицина қызметінің бағалары өте жоғары. Біздікімен салыстырғанда 5-6 есе қымбат.
Алтынай Көзиева, Сақтандыру компаниясы сату бөлімінің маманы:
Бір ересек адамды бір жылға 1 млн теңгеге сақтандырамыз деп шешсек, ол 12 мың теңге болады. Басқа мемлекеттерге қарағанда бізде, әрине, сақтандыру өте арзан. Себебі бізде көбі өзін өзі ерікті түрде сақтандырмайды.
Елімізде сақтандырудың 2 түрі бар. Біріншісі — міндетті яғни кәсіби спортшылар кез келген жарысқа қатысарда мемлекет тарапынан сақтандырылады. Ал екіншісі — ерікті. Бұл — әуесқой спортшылардың өз өмірін ерікті түрде сақтандыруы. Десе де, сала маманының сөзінше, біздің елде спортшының өзін өзі сақтандыру мәдениеті әлі қалыптаспаған. Бірақ спортпен айналысатын балалардың ата-аналары бала өмірін сақтандыруды әдетке айналдырып келеді.
Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:
Спортшы кез келген Халықаралық жарысқа қатысқан кезде мемлекет тарапынан біздегі әлеуеттік компаниялармен алдын ала сақтандырылады. Ал егер ол клубтың қандай да бір ойыншысы болатын болса, клуб пен спортсмен арасында келісімшарт жасалған жағдайда, ол жерде келісімшартқа осы сақтандыру жүйесі міндетті түрде енгізіледі. Егер клуб сақтандыру жүйесін келісімшартта көрсетпей, өтемақыдан бас тартып жатқан жағдайда, ҚР заңына сәйкес, өтемақысын талап ете алады.
Демек кез келген кәсіби спортшының өмірі сақтандырылады. Бұл заңда бекітілген ереже. Әуесқой спортшылар жарысқа қатысарда ғана сақтандырылуға міндеттеледі. Бірақ «спорттық жарақаттардың қай-қайсысы да көп қаражатты қажет етеді», — дейді мамандар. Сұраныс көбейсе, сала да дами түседі. Сонда ғана сақтандыру көлемі ұлғаяды.
Ақниет Балтанова