Айдос Сұлтанғали Хорватияда өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді.
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының балуаны Айдос Сұлтанғали Загребте (Хорватия) өтіп жатқан әлем чемпионатында тарихи жеңіске жетті.
60 келіге дейінгі салмақта күрескен Сұлтанғали қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді. Ақтық сында ол Өзбекстан өкілі Алишер Ганиевті айқын басымдықпен – 9:0 есебімен мерзімінен бұрын тізе бүктірді.
Бұл қазақстандық балуанның әлем чемпионатындағы ең ірі жетістігі. Айта кетейік, ол бұған дейін екі мәрте (2018, 2022) әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған еді.
Естеріңізге сала кетейік, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасынан соңғы рет 1999 жылы Мхитар Манукян 63 келіде алтын жүлдеге қол жеткізген болатын.