Қазақстанда қатерлі ісікті ерте әрі дәл анықтауға мүмкіндік беретін фьюжн-биопсия әдісі қолжетімді болды. Бұл тәсіл әсіресе күрделі жерде орналасқан немесе ультрадыбыстық зерттеуде көрінбейтін ісіктерге күдік туған жағдайда қолданылады.

Астаналық Ботагөз Айқымбаева жыл басында өзін жайсыз сезініп, дәрігерге жүгінген. Алғашқы тексерулерден кейін онкологиялық дертке күдік туындағанымен, ісіктің нақты орналасқан жерін анықтау қиынға соққан. Нәтижесінде фьюжн-биопсия әдісі арқылы диагноз нақтыланды.

Ботагөз Айқымбаева, қала тұрғыны:

Кеудемнің асты ауырды, сосын желтизнаға айналды. Осында онкологқа жіберіп, ол қатерлі ісік деп айтты. Бірақ нақты диагноз қойылған жоқ. Осы биопсиядан өткен соң, бір-ақ қойылады деді.

Дәрігерлер Ботагөздің дертін ерте сатысында анықтап үлгерген. Қазір ол ем-домды бастап кетті. Онкологтардың айтуынша, соңғы жылдары ісіктің күрделі түрлері жиілеген.

Руслан Қасымов, Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкохирургі:

Қазір қуықасты безі ісігі жиі кездесіп жүр. Көп жағдайда қатерлі ісік дененің күрделі аймақтарында пайда болады. Оны ерте кезеңде анықтау оңай емес. Бірақ жаңа технологиялар бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Фьюжн-биопсия — диагностиканың заманауи әдісі. МРТ немесе КТ кескіндері ультрадыбыстық зерттеу аппаратына біріктіріледі. Осылайша көзге көрінбейтін ісік ошақтарын дәл тауып, қажет жерден тін алуға болады.

Ескендір Бекқожа, Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкологі:

Бұған дейін қарапайым УЗИ аппараты арқылы биопсия жасап жүрдік. УЗИ арқылы көрінбейтін ісіктерді, дәл сол ағзаны биопсиясын алу, гистологиялық тұрғыда нақты дәлелдеу және әрі қарай емге үлкен септігін тигізеді.

Мамандар бұл әдістің отандық медицинадағы үлкен жаңалық екенін айтады. Себебі ТМД елдері ішінде мұндай құрылғы тек Қазақстанда бар. Ал әлем бойынша фьюжн-биопсия аппараттының небәрі 5-6 данасы қолданылып жүр.

Динара Жарқынбек